Жұмыс сапары аясында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Катонқарағай ауданы туризмді дамытуда үлкен әлеуетке ие екенін атап өтті.
– Катонқарағай ауданы үшін географиялық ерекшеліктерді ескере отырып, экономиканы әртараптандыру бағытындағы негізгі басымдық – туризм. Бұл сала шағын және орта бизнесті дамытуға серпін беріп, халықты өнімді әрі жоғары табысты жұмыспен қамтамасыз етеді, – дейді облыс әкімі.
Биыл Катонқарағай ауданында туризм саласында бес жоба жүзеге асырылуда:
- Ақшарбақ ауылындағы «Верх-Катунь» пантамен емдеу орталығын кеңейту;
- Аршаты ауылында «Altay Resort» курорттық кешенінің құрылысы;
- Катонқарағай ауылында «Altay Terra Resort» туристік кешенін салу;
- Ұрыл ауылында «Мұзтау» экоқонақ үйінің мейрамханасын салу;
- Топқайың ауылында «Qaton Qaragai Resort&SPA» демалыс базасын кеңейту.
Маусым айында Катонқарағай ауданында «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық музыкалық фестивалі өтті. Іс-шараға 10 мыңнан астам турист қатысты. Қатысушылардың 80%-дан астамы еліміздің басқа өңірлері мен Ресей, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Түрікменстан, Әзербайжан сынды шет мемлекеттерден келген болатын.
Өткен жылы Катонқарағай ауылында жеке инвестиция есебінен «Қаратай», «Ұлназ» қонақ үйлерінің қызметі кеңейтіліп, «Баян» ғимараты қонақ үй ретінде қайта жаңғыртылды, Согорное ауылындағы жолайрықта кемпинг салынды, Белқарағай ауылындағы «Баян» пантаиен емдеу орталығы кеңейтілді.
2026 жылы «Tor’re Altay Invest» ЖШС-нің 120 орындық «Wellness Resort» санаторий-сауықтыру кешенінің құрылысын бастау жоспарлануда.
Статистикалық деректерге сәйкес, қазіргі уақытта ауданда туристерге арналған 50 орналастыру нысаны тіркелген, ал өткен жылы келушілер саны 33,5 мың адамды құрады.
Қазіргі уақытта ауданда тұрақты туристік кластер қалыптастыру мақсатында туризмді дамыту бойынша шеберлік-жоспар әзірленуде. Облыс әкімі бұл құжатты 1 қыркүйекке дейін дайындауды тапсырды. Сонымен қатар, аудан аумағындағы туристік орындар бойынша санитарлық-гигиеналық тораптар құрылысына қатысты ұсыныстарды 17 шілдеге дейін енгізуді, инвестициялық жобалар тізбесін жасап, оларды ұлттық және өңірлік пулдарға енгізу жұмысын жандандыруды, сондай-ақ инвестиция тарту ісін күшейтуді тапсырды.
– Туризмді дамыту – бұл инфрақұрылым, жолдар, байланыс, қауіпсіздік, жол бойындағы сервис, тамақтану және қызмет көрсету сапасы. Біз бұл мәселелердің барлығын жүйелі түрде шешіп жатырмыз, – деді аймақ басшысы.