Мемлекет басшысының тапсырмалары мен әлеуметтік-экономикалық реформалар аясында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Катонқарағай ауданында ашық диалог форматында тұрғындармен кездесу өткізді.
Кездесу барысында экономика өсімін қамтамасыз ету және әртараптандыру, инфрақұрылымды дамыту, өзекті әлеуметтік мәселелерді шешу бағыттарына баса назар аударылды.
«Мемлекет басшысы 2029 жылға дейін ел экономикасының өсу қарқынын екі есеге арттыру жөнінде нақты тапсырма берді. Жалпы өңірлік өнімдегі өнеркәсіптің үлесі мен сыртқы конъюнктураның ықпалын ескере отырып, біз экономиканы әртараптандыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз», – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Экономика өсімін жыл сайын қамтамасыз ету үшін облыста өңірлік жобалық кеңсе құрылды, барлық қала мен аудан бойынша экономикалық өсім нүктелерінің бес жылдық жоспарлары, сондай-ақ ауылдық округтерге арналған «Жол карталары» бекітілді. Әр қала және аудан әкімдерімен 2025 жылға дейінгі KPI көрсеткіштеріне қол жеткізуге бағытталған меморандумдарға қол қойылды. Бұл құжаттарда өңірді дамытуға арналған нақты жобалар мен іс-шаралар қамтылған.
Катонқарағай ауданын 2029 жылға дейін дамыту жоспарына сәйкес, 11,9 млрд теңге бюджет қаражатын және 26,8 млрд теңге жеке инвестиция тарту жоспарланып отыр.