Риддер қаласында дүбірлі дода тартысты өтті, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
I ұлттық «Ата-мұра» ойындары аясында ұйымдастырылған арқан тарту, қазақша күрес, қыз қуу, топ бәйге, аударыспақ сынды ұлттық спорт түрлерінен өткен жарыста Қазақстанның әр өңірінен келген спортшылар бақ сынасты.
Дүбірлі додада арқан тартыс бойынша сынға түскен командалардың ішінен Ұлытау облысынан келген спортшылар жеңімпаз атанды. Риддер-1 командасы II орын, Шығыс-1 командасы III орын иеленді.
– Осы жарысқа 1500 шақырымды артқа тастап Ұлытау облысынан арнайы дайындықпен келдік. Арқан тартыс спортымен 2024 жылдан бері айналысып жүрміз. Бүгін міне, еңбегіміз ақталып бірінші орын иелендік. Фестиваль жақсы ұйымдастырылған. Жартылай финалға Ұлытау, Риддер-1, Шығыс-1, Батыс Қазақстаннан Көктерек командасы шықты. Біз финалда Шығыс-1 командасын ұттық. Арқан тартыс сырттан қарағанда оңай көрінгенмен, төзімділікті қажет етеді. Біз жаттығуда таза төзімділікке жұмыс істейміз. Арқан тартыста алғашқы екі адам тіреуші, артқы үш адам тартушы, ортадағы көмек беруші. Бұл жерде орын қою маңызды. Біз күш қайда түседі соның бәрін зерттеп осындай нәтижеге жетіп отырмыз, – дейді арқан тартудан Ұлытау облысы командасының капитаны Шәмшиддин Мырзабек.
Топ бәйгеде сайысқа түскен шабандоздар арасында Екатерина Худякова мәре сызығын бірінші боп кесті. Сонымен қатар Екатерина қазақ халқының ұлттық ойындарының бірі қыз қуу сайысынада қатысып, көпшілікті тәнті етті.
Кіл мықтылар сайысқа түскен қазақ күресінен 70 келі салмақ дәрежесіне дейінгі палуандар арасындағы белдесуде жеңіске жеткен жеңімпаздар:
1 орын – Досжан Рахымбаев;
2 орын – Ерік Рахиев;
3 орын – Нұрғали Тұрсынғазиев.
«Түйе палуандар» арасындағы белдесуде жеңіске жеткен спортшылар:
1 орын – Жасұлан Мұхаметханов;
2 орын – Талғат Әмренов;
3 орын – Дәурен Нұралинов.
Сонымен қатар жаппай жүгіру жарысында Семей қаласынынан келген желаяқ спортшы Руслан Бекешов жеңіске жетті.