Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Чех Республикасы Парламенті Депутаттар палатасының Вице-спикері Ян Бартошекпен және Чехия делегациямен іскерлік кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Шығыс Қазақстан мен Чехия арасындағы ынтымақтастықтың тараптарын талқылады.
Бүгінде Шығыс Қазақстан облысынан Чехияға экспортталатын тауарлардың негізгі бөлігін металл және металл өнімдері, жануарлар мен өсімдік тектес өнімдер, сондай-ақ азық-түлік өнімдері құрайды.
Ал импорт бойынша Чехиядан Шығыс Қазақстанға химия өнеркәсібінің өнімдері, соның ішінде резеңке мен пластмасса, ағаш, орман материалдары мен целлюлоза-қағаз өнімдері, тоқыма және тоқыма бұйымдары, құрылыс материалдары, металл мен металл өнімдері, машина, жабдықтар, көлік құралдары, аспаптар мен аппараттар, азық-түлік тауарлары жеткізіледі.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысы мен Чехия арасында мәдени-гуманитарлық, білім беру және туристік байланыстар белсенді дамуда.
Іскерлік қауымдастықтардың өзара қызығушылық танытатын салаларының қатарында машина жасау, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік, фармацевтика аталды.
Облыс әкімі ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарының ішінде инвестициялық саясат пен туризмді де атап өтті.
– Осы мүмкіндікті пайдаланып, сіздерді және елдеріңіздің іскерлік топтарының өкілдерін қыркүйек айында Өскемен қаласында өтетін «Altai Invest – 2025» халықаралық инвестициялық форумына ресми түрде шақыруға рұқсат етіңіздер, – деді аймақ басшысы.
Кездесу барысында тарихи дипломатияны дамыту да маңызды бағыт ретінде аталды. Осы орайда Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында қазіргі Чехия аумағында қаза тапқан қазақстандықтар, сондай-ақ Қазақстан аумағында жерленген чех азаматтары туралы ақпаратты іздеу, зерттеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қазақстан мен Чехия арасындағы экономикалық ынтымақтастық Экономикалық, өнеркәсіптік және ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы Үкіметаралық келісімге, инвестицияларды көтермелеу мен өзара қорғау туралы келісімге және басқа да құжаттарға негізделген. 2005 жылдан бері Чехиядан Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 354,5 млн АҚШ долларын құрады.