Риддерде I ұлттық «Ата-мұра» ойындары өтті, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Риддер қаласында еліміздің күш қуатын, рухын және мәдени байлығын айшықтайтын ұлттық спорт түрінен жарыстар ұйымдастырылды.
Дүбірлі додаға еліміздің түкпір-түкпірінен, атап айтқанда Астана, Алматы, Талдықорған қаласынан, Ұлытау облысы, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Көкшетау, Атырау, Абай облысы, Қарағанды облысы, Жарма ауданының, Шығыс Қазақстан облысы, Күршім, Өскемен және Риддер қаласының құрама командалары қатысты.
I ұлттық «Ата-мұра» ойындары аясында қыз қуу, арқан тарту, топ бәйге, аударыспақ, қазақша күрес, садақ ату, жаппай жүгіру жарысы өтті.
Жаппай жүгіру жарысында Семей қаласынынан келген желаяқ спортшы Руслан Бекешов жеңіске жетті.
– Мәреге келе жатқанда өте жақсы сезімде болдым. Мен өзім Абай облысы Семей қаласынан келдім. Іштей бірінші келемін деген сенімде болдым. Бастысы мақсатың айқын, сенімің мол болса әрқашан жеңіске жетуге болады. Мен негізгі жарыстың болатынын бір күн бұрын ғана естіп, тіркеліп үлгердім. Жарысқа дейін негізі әрдайым дайындықтамыз, – дейді Руслан Бекешов.