Шығыс Қазақстан облысында республикалық маңызы бар жолдарға интернет-мұнара орнатылады. Бұл туралы облыс әкімі Ермек Көшербаев сессия мәслихатында мәлімдеді.
– Облысымызда 202 елді мекен мобильді интернетпен қамтамасыз етілген. Шығыс Қазақстан облысы аумағында республикалық маңызы бар жолдардың бойында 27 мачталық құрылым антеннасын орнату жұмыстары басталды, - деді облыс әкімі.
Әкімдіктің мәліметінше, Алтай ауданының Андреевка және Үлкен Нарын ауданының Приморское ауылдарында KazSat спутнигінен қуат алатын радиусы 50 метрлік қоғамдық Wi-Fi кіру нүктелері орнатылған.