ШҚО мектептерінде Starlink спутниктік интернет желісінің 170 жиынтығының 142-сі орнатылып, 139-ы іске қосылған.
25 мамырда басталған интернет желісін орнату жұмыстары оң нәтижелерін бере бастады. Аймақтағы жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізе алмаған көптеген ауылдық мектептер енді Илон Масктың спутнигі арқылы жұмыс істей бастайды.
Былтыр Белоусов атындағы бастауыш мектеп-балабақшасында МОДО тестілеудің төмен көрсеткіштері байқалған. Тест тапсыру үшін төртінші сынып оқушылары мен мұғалімдері мектепке өздерінің модемдерін әкелген. Ал биыл бұл мектеп алғашқылардың бірі болып жаңа қондырғыны іске қосты.
- Бұған дейін «Қазақтелеком» АҚ-мен келісім-шартымыз бар еді. Интернет жылдамдығы 8 Мбит/с болатын. Қазір 80 Мбит/с. Жалпы, Starlink қондырғысының арқасында жылдамдық 8-10 есеге артты. Енді біз онлайн-платформаларда тест тапсырып, сабақ алып, жарыстар мен олимпиадаларға қатыса алатын боламыз, - деді Белоусов атындағы бастауыш мектеп-балабақшасының директоры Светлана Горбачева.
Спутниктік интернет желісін орнату кезіндегі қиындықтар Ресей және Қытаймен шекаралас ауылдардағы мектептерде пайда болды.
- Шығыс Қазақстан облысының шеткері ауылдарында орналасқан 28 мектептің 12-сі Ресеймен, 16-сы Қытаймен шектеседі. Сондықтан бұл мектептерде спутниктің интернет желісін орнату ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінен, Республикалық ғарыштық байланыс орталығынан және Starlink өкілдерінен ресми түсініктеме алғанға дейін тоқтатылды, - деді ШҚО Цифрландыру және архивтер басқармасы цифрландыру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Арнұр Сапарғалиев.
Басқарма мәліметінше, төрт мектепте - «Малубинка орта мектебі» КММ, Риддер қаласы «№ 12 орта мектебі» КММ, Риддер қаласы «Балабақша-бастауыш мектебі» оқыту-тәрбиелеу мекемесі» КММ және «№1 Марқакөл орта мектебі» КММ-де талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылған.
Айта кету керек, Starlink-тің басты артықшылықтарының бірі - интернетке қосылудың жоғары жылдамдығы. Ол 50-ден 150 Мбит/с-қа дейін жетеді.