Шығыс Қазақстанның оқушылары «Достастықтың балалары» атты халықаралық форумға қатысып жатыр, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Беларусь Республикасының Минск облысындағы «Зубренок» ұлттық балалар білім беру-сауықтыру орталығында өтіп жатқан мәдени-танымдық форум 16 шілдеге дейін жалғасады.
Биыл форумға Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстаннан келген мектеп оқушыларының делегациялары қатысып жатыр.
Қазақстан атынан форумға Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының делегациялары қатысуда. Форумда Шығыс Қазақстан облысын республикалық олимпиадалар мен байқаулардың жеңімпаздары атанған 5 оқушы таныстырады.
11 шілде күні форум аясында Қазақстан Республикасы күні өтті. Бұл күні Шығыс Қазақстан облысының оқушылары Шығыстың мәдени мұрасын таныстырып, қазақ халқының салт-дәстүрлері туралы әңгімеледі.
Айта кетейік, «Достастықтың балалары» атты халықаралық мәдени-танымдық форумы достастық елдерінің жас буынына арналған маңызды халықаралық алаң. Мұнда қатысушылар түрлі мемлекеттердің мәдениетімен танысып, шығармашылық және көшбасшылық қабілеттерін дамытуға, достық пен өзара түсіністікті нығайтуға мүмкіндік алады.