Зайсанда халықтық спорт ойындары тартысты өтіп жатыр


ЖАҢАЛЫҚТАР 14-08-2024, 14:57 0

Зайсанда өтіп жатқан халықтық спорт ойындарының алғашқы күнінде спорттың екі түрінен тартысты бәсеке өтті. Көкпарға алты команда қатысса, ат үстінде аударыспақшылар 57 кг, 62 кг, 68 кг, 100 кг дейін және 100 келіден жоғары салмақ дәрежесінде бақ сынады.

Екі топқа бөлінген ат үстіндегі шабандоздар ешкінің тушасына таласып, сайысты. Айтып өтейік, көкпардың жанкүйерлері де жыл сайын көбейіп барады, Алаңда облыстың үздік командалары күш сынасып, күштерін ғана көрсетіп қоймай, шеберліктерін де танытты. 
Өз кезегінде алаңға жиналған жанкүйерлер де қатысушыларды қошеметпен қолдап, ерекше сайыстық атмосфераны қалыптастырып отырды.

Ат үстіндегі аударыспақ та көрермен қауымды тәнті етті. 

Ұлан ауданынан келген Ерасыл Сайлаубеков үшін бұл күннің маңызы зор. Ол 62 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сайысын, финалда өскемендік қарсыласын жеңіп, жеңімпаз атанды.

-Барлық қарсыластар осал емес. Шешуші айқаста өскемендік қарсыласпен кездесіп, жеңіске жеттім. 2012 жылдан бері ат спортымен айналысып келемін, биылғы жылы спорт шебері атағын алуды жоспарлап отырмын. Болашақта Қазақстан мен Азия чемпионаттарына қатысуға тырысамын, - деп бөлісті спортшы.

57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өткен жекпе-жек те тартысты өтті, Ұлан ауданынан келген жас шабандоз тәжірибелі қарсыласының қолынан жеңісті жұлып алды. 

-Алаңда дос деген болмайды. Бәріміз бәсекелеспіз. Әрқайсымыз ең күшті екенімізді дәлелдеуге тырысамыз. Бұл жеңіс мен үшін маңызды, өйткені өз қалам мен отбасымның атынан шығамын. Жерге қаратпауға тырысамын, — деп бөлісті Дарын Өмірбеков.

Ертең халықтық ойындардың бас алаңында көкпар, аударыспақ, бәйге және теңге ілуден тағы да өз өнерлерін көрсететін шешуші жарыстар өтеді.

Nazerke

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив