Зайсан өңірінің тұрғындары мен қонақтары үшін нағыз мерекеге айналған ХХІІ халықтық спорт ойындары бүгін де жалғасын тапты.
Бұл жолы көкпар мен аударыспақтан, сондай-ақ дәстүрлі теңге ілу мен бәйгеден тартысты дода өтті.
Әсіресе, ат үстіндегі аударыспақ көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Шығыс Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген спортшылар тоғыз салмақ дәрежесі бойынша бақ сынады.
Жанкүйерлердің жанұшыра қолдау көрсетіп жатса, ойынға қатысушылар қиын сәтте атты басқаруда күш-қуат, ептілігін және шеберліктерін көрсетіп жатты.
-Аударыспақтан спортшылар тоғыз салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Командалық есепте Ұлан ауданының командасы жеңіске жетіп, жалпы ұпай бойынша 1-орынға ие болды, 2-орын Тарбағатай ауданының командасына, 3-орын Күршім ауданының командасына бұйырды. Жарысқа барлығы 11 команда қатысты, - деп атап өтті ХХІІ халықтық спорт ойындарының бас хатшысы Әділ Әбдіқалиев.
Аударыспақ аяқталған соң, көрермендердің назары ипподромға ауып, бәйге жарысы басталды. Одан бөлек шабандоздар өздерінің ептілігін, күші мен дәлдігін көрсететін қазақтың дәстүрлі ат ойыны теңге ілуден жарысты. Теңге ілу – қазақтың ат үстінде ойналатын нағыз ұлттық ойыны. Ойында жас жігіттердің ат үстіндегі шеберлігі сынға түседі. Ойын барысында шабандоз атпен шауып келе жатып жерде жатқан қызыл орамалға түйілнен теңгені қолмен іліп кету қажет.
– Зайсанға “Теңге ілу” ойынына қатысу үшін келдім. Бұл спорт түрімен 2015 жылдан бері айналысып, республикалық жарыстарға қатысып үлгердім. Бүгін екінші орын алдым. Осындай шараны ұйымдастырған Зайсан қаласының тұрғындары мен көрермендеріне, әкімдігіне алғысымды білдіремін, - деп бөлісті өскемендік спортшы Слямбек Қабиев.
Бір қызығы, спорттық шара қазақстандықтардың ғана емес, шетелдік қонақтардың да назарын аударды. Көрермендер арасында Австриядан келген туристер де болды. Олар көлікпен Қазақстанды аралап, саяхаттап жүр екен. Ойындардың атмосферасына тәнті болған олар уақ-уақ суретке түсіріп, әлеуметтік желілердегі парақшаларында бөлісті.
-Біз бүкіл елді аралап шықтық, бұл жер өте ұнап жатыр. Сапарымыздың бір бөлігі ретінде Зайсанға кездейсоқ келіп қалған жайымыз бар. Мұнда спорттық іс-шаралар өтіп жатқанын біліп, тамашалап, мерекенің бір бөлігі болғанымызға өте қуаныштымыз, - деп өз әсерімен бөлісті Австриядан келген турист Юрген Файтль.
Зайсандағы ХХІІ халықтық спорт ойындары мұнымен аяқталған жоқ. Ертең ауданда жамбы атудан турнир өтіп, көкпар тартысы жалғасады.