Өскемендіктер Париж Олимпиадасына барған жерлестерін әуежайдан қарсы алды


ЖАҢАЛЫҚТАР / МАҢЫЗДЫ 19-08-2024, 10:41 0

Өскемендіктер бүгін  Париж Олимпиадасына барған ШҚО спортшыларын әужайдан  құрметпен қарсы алды

Семсерлесуден Қазақстан командасының мүшесі Руслан Курбанов Париж Олимпиадасының ширек финалына дейін жеткен болатын.

Жартылай финал жолдамасы үшін таласта Курбанов жапониялық Коки Каномен кездесті. 

Өкінішке қарай, қарсылас спортшы кездесу басталған бойда ұпай санымен алға озып, сол басымдықты ең соңына дейін ұстады.

Жекелей сынды Құрбанов 1/16 айналымнан бастады. Ол алғашқы қарсыласы Хуссам Элькордты 15:13 есебімен ұтып, Олимпиада чемпионы Ромен Каннонды (Франция) жеңді.

Ал өскемендік  таеквондошы Батырхан Төлеуғали  бірінші кездесуінде Исмаел Кулибалиді ақын басымдылықпен жеңген болатын.

1/8 финалда жерлесіміз екі дүркін әлем чемпионы Симоне Алессиоға жол берді.

XXIII Жазғы олимпиялық ойындар аяқталды. Қазақстан құрамасы 1 алтын, 3 күміс, 3 қола жүлдемен командалық есепте 43-орыннан көрінді. 

 Барлығы 126 медаль (40 алтын, 44 күміс, 42 қола) жинаған АҚШ құрамасы топ бастаса, алтынының саны АҚШ-пен бірдей, күмісі мен қоласы аз Қытай (27 күміс, 24 қола) екінші орын иеленді. Азиялық және бір ел – Жапония (20, 12, 13) 45 медальмен үздік үштікті түйіндеді. ТОР-10 ел қатарына Австралия, Франция, Нидерланд, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Италия және Германия енді. 8 алтын жеңіп алған көрші Өзбекстан – 13, 6 жүлде иеленген Қырғызстан 68-орынға орнықты. Жалпы 92 ел өкілдері жүлдемен қайтса, соның ішінде 62 ел спортшылары кем дегенде 1 алтын жүлде жеңіп алды.

Қазақстан: 7 медаль аз ба, көп пе?

Қазақстан құрамасы өз тарихында екінші рет 7 медаль алып, Жазғы ойындарды медаль саны бойынша ең аз көрсеткішпен аяқтап отыр. 2000 жылғы Сидней олимпиадасында жүлде саны жетеу болса да, оның үшеуі – алтын, төртеуі қола болған еді. Биыл үзіліп қалған чемпион жүлгесі қайта жалғасты: Токио олимпиадасында ешбір спортшымыз финалға шыға алмаса, Парижде Елдос Сметов алтыннан алқа тақты, тағы үш спортшымыздың ең биік тұғырға көтерілу мүмкіндігі болды.

79 спортшысы қатысқан, спорттың 20 түрінен сынға түскен отандастарымыздың 7 медалі, әрине, аздау. Үздік алтылыққа енген Әбиба Әбужақынова (дзюдо), Әмір Маймұратов (спорттық құзға өрмелеу), Александра Ле (50 метрге 3 позициядан ату), семсершілер құрамасы (сапы бағдарламасы), Милад Кәрами (спорттық гимнастика), Сәкен Бибосынов (бокс), Әлішер Ерғалидің (еркін күрес) жетістіктері де ескеруге тұрарлық. Дегенмен қазақстандықтардың басым бөлігі іріктеу кезеңінен өте алмағанын ескерсек, осы жеті жүлденің өзі зор жетістік болып көрінеді. Даниил Мұсабаев (батут), Ә.Маймұратов, Ә.Зәкіров (брейкинг) сияқты спортшылар жүлдеге мейлінше жақын тұрып жеңілді, әйтпесе жарыстың соңғы күніне дейін Қазақстан қоржынын томпайтуға әзір спортшы болған жоқ.

Мәселеге бұдан да тереңірек қарасақ, Ә.Әбужақынова ғана медаль үшін күресіп жеңілді. Ал екі жеңіл атлет – Д.Жепкемей (10 мың метр) мен Н.Жеруто (3000 метрге кедергілер арқылы жүгіру) жарыс барысында көш басында жүргенмен, соңғы айналымдарда қарсыластарынан көп қалып қойды. Қорытынды қандай: 7 медаль – біздің қазіргі деңгейіміздің нақты көрінісі.

Неден өстік, неден кері шегіндік?

Дзюдо. Жарыстың алғашқы күні Елдос Сметов 60 келіде алтыннан алқа тағып, еңсемізді қатты көтерді. Спорттағы жолы күреске толы балуан дегеніне жетті. Олимпиада қарсаңында ол рейтингте небәрі 22-орында тұрды. Сондықтан «олимпиадада алтын үшін ғана күресемін» деген лебізін қарапайым жанкүйер түгіл мамандардың өзі де екіұдай қабылдады. Сметов елішілік спарринг арқылы ғана олимпиада жолын ашты. Қазір қарап отырып, Елдостың алтын үшін осындай «тар жол, тайғақ кешуден» өткені де дұрыс болған екен дейміз. Ол Токио олимпиадасынан кейін екі турнирде ғана жүлде алды, сол иығының ауыр жарақатын емдеуге ұзақ уақыт жұмсады. Соңғы мүмкіндігінде Н.Серікбаев, М.Шамшадин сияқты құрамадағы қарсыластарын қосымша іріктеуде жеңіп барып қана олимпиадаға қатысу құқығын жеңіп алды. Бірақ Сметов олимпиадада жеңілсе, «осы балуанды неге апардыңдар, одан рейтингте алда тұрған жас спортшы болды ғой» деген сөздің де гулейтіні сөзсіз еді. Сондықтан Сметовтің алтын жүлдесін «барлық үмітсіздерге қайтарылған жауап» деуімізге болады. Оның үстіне бұл жүлденің қоржынымыздағы жалғыз алтын болғанын ескерсек, нарқы одан да биіктей түседі. «Сметов болмағанда қайтер едік?» деп шүкірлік жасауға тура келеді осыдан кейін.

Ғұсман Қырғызбаевтың қоласы алтынға бергісіз. Өйткені Ғұсман бірнеше жыл бойы 60 келіде Елдостың бәсекелесі болды. Дәл сол салмақта әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2021 ж.) атанды, Азияның екі күмісін де сол салмақ дәрежесінде иеленді. Гранд Слем және Гран Прилердегі барлық табысы да осы салмақта. Сондықтан оның аз уақытта 66 келіге ауысып, рейтингте қажет ұпай жинап, олимпиадаға бару құқын иеленгенін бір ерлік десек, олимпиадада қола жүлде алуын теңдесі жоқ ерлікке балаймыз. Шынтуайтында, Ғұсманға сәттілік қана жетіспей қалды: жартылай финалда ол бразилиялық Уиллиан Лимамен де тең күресті, «алтын ұпайға» дейін барды, шешуші сәтте шабуылды да өзі бастады, бірақ қарсы әдіске түсіп қалды. Дәл осындай жағдай Лиманың басында да болуы ықтимал еді. Ал қола жүлде үшін таласта Ғұсман серб Страхинья Бунчичтен берместі тартып алды. Ескерейік, бұл жігіттердің барлығы – 66 келіге баяғыда орныққан, атаққа жеткен мықтылар. Қырғызбаевтың ерлігі сонысымен де құнды.

Ә.Әбужақынова (48 келі) жарыстан кейін бәрін де өзі талдап айтып берді. Ол жартылай финалдағы қарсыласы Габриэла Нарваестен де (Парагвай), үшінші орын үшін белдесудегі Тара Бабулфаттан да (Швеция) әлдеқайда шебер. Бірақ Әбиба да жартылай финалда Қырғызбаевтың қателігін қайталады: шабуылды өзі бастап, қарсы шабуылға түсіп қалды. Бабулфатпен белдесуде де отандасымыз соңғы сәтте қателесті. Ең бастысы, Әбиба олимпиада дуын көрді. Өзін әлі де бір олимпиялық циклде сынап көре алатынын жариялады. Бізге мұндай жігерлі спортшы керек.

Д.Шамшаев, Н.Шархан, Э.Куюлова, К.Берлікаш сияқты дзюдошыларды жазғыру да қиын, олар алғашқы қарсыластарына есе жіберіп, жүлдеден дереу үміт үзді. Жалпы дзюдо спорты Париж олимпиадасында өз жоспарын асыра орындады деуімізге болады.

daryn

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив