С.Аманжолов университетінің ғылыми қызметкері Қыдырмолла Ақатан агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуы үшін топырақтың ылғалдылығы мен құнарлығын арттыру мақсатында көп композициялық целлюлоза негізіндегі биогидрогель жасап жатыр.
Жоба Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің 2024-2026 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды гранттық қаржыландыру конкурсында жеңімпаз атанды.
Қыдырмолла Ақатанның айтуынша, биогидрогель қолданыстағы коммерциялық өнімдерден 1,5 есе арзан. Тағы бір артықшылығы - пайдаланудың әмбебаптығы. Биогель егіннің барлық түрлеріне жарамды. Гельді егіс алдындағы топырақты өңдеу кезінде қолдану қажет.
– Биогидрогель жасау үшін ауыл шаруашылығы қалдықтарын пайдаланамыз. Бұл экологиялық және экономикалық тұрғыдан да тиімді. Құралға тыңайтқыш, пайдалы қасиеттер сіңіру үшін жергілікті агроминералдарды иммобилизациялау жүргізіледі. Нәтижесінде біз өсімдіктерді тиімді сорбациялайтын, ылғалды сақтайтын, ыстыққа сезімтал және өсуге ықпал ететін препарат ала аламыз, - деді ғалым Қыдырмолла Ақатан.
Ғалым алдағы уақытта Қазақстандағы өнім көлемін 20-25%-ға арттырып, өнеркәсіптік ауқымда гидрогель шығаруды жоспарлап отыр.