Күршім көпірінің ортасы қосылды


ЖАҢАЛЫҚТАР 7-08-2024, 17:42 0

Еліміздегі ең ұзын өткел – Бұқтырма көпірімен қатынайтын күн де алыс емес. Жуықта қос жағалауда қатар басталған көпір құрылысы түйісті, яғни бұрын сағаттап өту керек болған қашықтықты енді тура төрт минутта жүріп өтуге болады. 
50 жыл бойы Марқакөл, Күршім, Көкпекті және Қатонқарағай аудандары арасындағы көлік қатынасы жазғы уақытта паром арқылы, қыс мезгілінде мұз үстімен жүзеге асып келді. 
2019 жылы ауқымды әлеуметтік маңызы бар жобаны – автокөпір өткелін салу міндеті қойылған болатын. Аталған жұмыс мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2021 жылы басталған.
Көпір құрылысы жобасын іске асыру шекара маңындағы аудандардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретіні сөзсіз.
Екі жолақты автокөлік көпірі Қазақстандағы су үстіне салынған ең ұзын құрылыс болады. Оның ұзындығы – 1316 метр, ал өткізу мүмкіндігі тәулігіне 80 мың көлікке дейін жетеді. 
Сонымен қатар жоба аясында ұзындығы 18,6 шақырым болатын көпірге қосылатын жаңа автожол құрылысы қарастырылған.
Бұқтырма су қоймасы - әлемдегі ең ірі бес су қоймасының бірі, ал Қазақстандағы ең үлкен жасанды су қоймасы. Соңғы мәліметтер бойынша, маусымда жағалауға 15 мыңнан астам турист келеді, көпір ашылғанда олардың саны бірнеше есе артады деп күтілуде.

Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив