Премьер-министр Олжас Бектенов ШҚО-ға жұмыс сапары барысында Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысының жұмысымен танысты. Көпір құрылысы тұрғындардың өтініш-тілектерін ескере отырып, президенттің тапсырмасымен жүзеге асырылып жатыр. Құрылыс жұмыстары 2021 жылы басталған болатын. Қазіргі уақытта барлық көпір тіректері қойылып, аралық конструкциялардың 20 металл конструкциясы дайындалды. Оның 19-ы орнатылды.
Екі жолақты автомобиль көпірі Қазақстандағы су үстіндегі ең ұзын көпірге айналады. Оның ұзындығы 1316 метрді құрайды, ал өткізу қабілеті тәулігіне 80 мың көлікке дейін жетеді. Бүгінде нысанның 80 пайызы аяқталды. Көпірді биылғы жылдың соңында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Премьер-министр жобаны жүзеге асыру шекаралас аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретінін баса айтты.
«Енді ресурстарды жұмылдырып, оны тезірек аяқтап, көпірдегі қозғалысты бастау үшін жұмысты күшейту қажет. Тұрғындарға қолайлы болу үшін аудандардың көліктік байланысын қамтамасыз ету – бүгінгі таңда әкімдіктің басым бағыттарының бірі. Сонымен қатар, көлік-логистика саласы ел экономикасының дамуының қозғалтқыштарының біріне айналуы тиіс. Сондықтан мұндай инфрақұрылымдық жобаларды тез арада жүзеге асыруымыз қажет», - деді Олжас Бектенов.