«Шығыс Қазақстан облысының өңірлік мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы» мәліметінше, 1 маусым мен 5 тамыз аралығында Өскемендегі 216 көшенің 2412 шамы қайта қалпына келтірілді. Оның ішінде 1561 шам ауыстырылып, қалғандары зарядтау сымын ауыстыру арқылы жарықтандырылды.
Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылы Шығыс Қазақстан облысының өңірлік мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы мен Еуропалық қайта құру және даму банкі «Өскемен және Семей қалаларының көшелерін жарықтандыру жүйесін жаңғырту» жобасын жүзеге асыру үшін несиелік келісім жасасқан болатын. Ал 2019 жылы Мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы мен «Everlight Electronics Co.» компаниясы көшелерді жарықтандыру жүйесін жаңғырту бойынша келісім-шарт жасасты. Келісім-шартқа сәйкес, «Everlight Electronics Co.» компаниясының өзіне жүктелген міндеттемелерді дұрыс атқармағаны белгілі болды.
– «Everlight Electronics Co.» компаниясы міндеттемелерін дұрыс орындамағандықтан, маусым айында серіктестік келісім-шартты бұзуды, көшелерді жарықтандыруды қалпына келтіруді және айыппұлды өтеуді талап ететін компания басшыларына талап арыз жолданды, - дейді облыс әкімдігі.
Егер талап-арыз орындалмаса, «Шығыс Қазақстан облысының өңірлік мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы» АҚ сотқа шағымданбақ.