Шығыс Қазақстан облысы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, су сынамасы микробиологиялық және басқа да көрсеткіштер бойынша зерттелді. Бірінші жарты жылдықта ауыз судың 1181 сынамасы микробиологиялық көрсеткіштер кезінде сараптамадан өткізіліп қырық бірі, яғни 3,5 пайызы гигиеналық нормаға сай келмеген.
- Өскемен қаласы аумағында, Алтай, Глубокое, Күршім, Зайсан аудандарында микробиологиялық көрсеткіштер бойынша гигиеналық нормалардың сақталмауы байқалады, - дейді ШҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.
Санитарлы-химиялық көрсеткіш кезінде 1390 сынама зерттелді, олардың ішінде нормаға сай келмейтіндердің саны 34 сынама, яғни 2,4 пайыз.
Санитарлы-химиялық көрсеткіште гигиеналық нормалардың Күршім және Шемонаиха аудандарында да сақталмағандығы көрсетілді.
"Шаруашылық субъектілері мен тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ететіндермен бірге профилактикалық іс-шаралар жүргізілді", - деді Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.
Естеріңізге сала кетейік, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2025 жылға дейін халықты толық сумен қамтамасыз етуі керек. Бұл 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы міндет. Десек те, межедегі бесжылдық жоспардың аяқталу кезеңі де таяп келеді. Бүгінгі күннің басты назарындағы ауыз су жағдайы толыққанды шешімін тауып жатыр ма?
Қабылданған бағдарлама аясында бүгінгі күнге дейін елімізде 1,5 мыңнан астам ауыл ауыз суға қол жеткізіп, 3 мың ауылдың 1,5 млн тұрғыны барлық қажетті санитарлық-эпидемиялық және гигиеналық нормаға сай сумен жабдықтау мәселесі шешілген. Қаражатты тиімді пайдалану мақсатында 200-ден аз тұрғыны бар 2 мыңға жуық шағын ауылға суды тазартудың жергілікті жүйесі орнатылып, қалған ауылдарда «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде 2023 жылы – 224, 2024 жылы – 235 және 2025 жылы – 230 су тазартудың жергілікті жүйесі қойылатын болды. Аталған мәліметтерге қарағанда, қай өңірді алсақ та даму қарқындылығы бар, ал шалғай ауылдағы тұрғындар осы дамудың нәтижесін көріп отырмағаны анық. Олар әлі де болса, су тапшылығын тартып келеді.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі елді мекендерге су құбыры желілерін тарту жұмыстарын жалғастыруда. Ұлттық жоба аясында сумен жабдықтау қызметтеріне 100 пайыз қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен 498 млрд теңге бөлінген.
Сонымен елімізде орталықтандырылған сумен қамту деңгейі өткен жылдың қорытындысына сәйкес 96,8%-ды құраса, қалған 3,2% іске аспаған. Былай қарағанда пайыздық көрсеткіш аз болғанымен, бұл 600 мыңға жуық адамды сумен қамтамасыз ету жағы өте төмен деңгейде деген сөз. Ал тартылып жатқан су құбырына қосыла қоймаған ауылдағылар суды тасып ішуге мәжбүр.
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының соңғы бес жылда халықты сумен қамту деңгейі қалада 2017 жылы 90%-дан 2022 жылы 98,4%-ға дейін, ауылдық елді мекендерде 55%-дан 94,5%-ға артқанын мәлімдейді. Цифрландырудың, криптоиндустрияның және Big Data-ның қазіргі дамыған кезеңінде суды тасып ішетін ауылды толық қамтимыз дегені көңілге қонымсыздау. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпарында, өткен жылы 6,3 мың ауылдың 4,9 мыңында ғана аталған мәселе толық шешімін тауып отыр дегені, ол тек 77,8%-ы ғана. Осыған қарағанда, 2025 жылға қарай елімізді толықтай ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі Үкіметтің ауқымды жоспарының жүзеге асуы неғайбіл. Белгіленген мерзім де таяп қалды, ал сусыз отырған ауылдардың саны – шамамен 1,4 мың. Осы жылы су құбыры мен кәріз жүйесін салу әрі қалпына келтіруге бюджеттен 280 млрд теңгенің 59,6%-ы қала жобасына, қалғаны ауылдық жерлерді сумен қамтуға бөлінген. Еліміздегі 89 қаланың 64-і толық сумен қамтылса, 25 қала бір жүйеге келмеген. Бұл шағын моноқалаларға ғана емес, мегаполистерге де қатысты. Үш ірі мегаполистің ешқайсысында халық орталық сумен 100%-ға қамтылмаған. Шымкентте бұл көрсеткіш 98,5%, Алматыда 99%, Астанада 98,9%-ды құрайды. Елордада қазірдің өзінде қала маңындағы салынып жатқан шағын аудандардағы жеке үйлердің иелері ғана емес, көпқабатты үйлердің тұрғындары да су тапшылығын тартып отыр. Бұл қалаға қоныс аударушылар санының артқанына байланысты сорғы стансаларының жобалық қуаты жетіспегендіктен тұрғындарға су беру тәртібі де енгізілген. Астананың су тапшылығы тек желілер мен сорғы стансаларындағы жобалық қуаттылықтың жеткіліксіздігінен ғана емес, тікелей су тапшылығы мен суды қамтамасыз етуде балама көзінің жоқтығын әрі жалғыз Астана су қоймасынан басқаның болмауымен байланыстырады.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта мәселені шешу үшін су қоймасын толықтыруда құрылыстар салу, су құбырын тарту және Қаныш Сәтбаев атындағы каналдан сорғы стансасына су өткізу, сондай-ақ жерасты көздерінің бірі Нұра су қабылдағышты пайдалану қарастырылған. Су құбыры желілерінің жоғынан ауылдарда өркениетті кәріз жүйелерін дамытуға мүмкіндік болмай тұр. Ауылдық елді мекендердегі үй шаруашылықтарының 6,3%-ы ғана орталықтандырылған кәрізбен қамтылған. Қалғандары үй жанындағы септиктерді қолданса, көбі сырттағы дәретханаларды пайдаланады.
«Елімізде сумен қамту секторы жерасты көздерін барлау мен магистралдық су құбырларын салудан бастап есептегіштерді орнатуға әрі желілердің тозуына байланысты бірнеше шығынды кезеңді қамтитын көпсатылы жүйе болғанымен, аталған жайттардың қазіргі уақытта өз мәселесі туындап отырғаны бар», дейді сала мамандары.
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мамандары жүргізген еліміздегі үй шаруашылықтарының іріктемелік зерттеулеріне сүйенсек, қалаларда тұратын отбасылардың 98,3%-ы сумен қамтылған. Бірақ ауылдарда бұл көрсеткіштер әлдеқайда аз, үй шаруашылықтарының 57,9%-ы ғана орталық сумен қамтылған. Жүргізілген сауалнамаға сәйкес, отбасылардың 29,1%-ы арбамен су сорғыларына баруға мәжбүр, 4,2%-ы сырттан әкелінетін суды пайдаланса, 0,2%-ы бұлақтардан немесе өзендерден тасиды.
Су кодексінің жобасын қоғамдық талқылауға ұсынылған кезеңінде сарапшылар әртүрлі деңгейдегі бірнеше мемлекеттік орган арасында сумен қамту бойынша міндеттер мен жауапкершіліктерді бөлуде негізгі бюрократиялық мәселе екенін атап өтті. Мәселен, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Геология комитеті геологиялық барлауға жауапты, осы министрлікке қарасты Су ресурстары комитеті магистралдық су құбырлары негізгі инфрақұрылымының жай-күйіне жауапты, бірақ қалалар мен ауылдардағы желілерді жобалау және салуда жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігіне жүктелгенімен осы жұмысты әр өңір кідіріссіз атқара бермейді. Бұл туралы Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев атап өткен болатын.
Сарапшылар еліміздегі су мәселесіне қатысты іргелес елдерден суға зәруліктен арылып, ауыз судан тарықпайтын жүйелі жоспар құрғаны жөн деген пікірде. Бүгінгі күні халықты сумен қамтамасыз етуге бағытталған «Нұрлы жер» бағдарламасы төңірегінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2025 жылға қарай мемлекет халықты сумен жабдықтау қызметтері 100%-ға қамтамасыз етілуге тиіс.