Қазақстанда азаматтардың жеке куәлігінің көшірмелерін жинауға және өңдеуге тыйым салынған. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов еске салды.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Әбдіқалықов қонақүйлер мен банктерде қазақстандықтардың жеке куәліктерін сканерлеу жағдайлары туралы айтты.
- Өздеріңіз де білесіздер, қонақүйге келгенде қызметкерлер әрқашан жеке куәлігімізді сұрайтын. Екінші деңгейлі банктер мен басқа ұйымдар да сөйтетін. Ал қазір азаматтардың жеке куәліктерінің көшірмелерін жинауға заң жүзінде тыйым салынған, - деді комитет төрағасы.
Айта кету керек, бұл тыйымды бұзғандарға айыппұл салынады.