Бүгін өскемендіктер еркін күрестен жастар арасындағы Азия чемпионатында күміс жүлде иеленген Айқын Болатұлын салтанатты түрде қарсы алды.
16-24 маусым аралығында Срирача қаласында (Таиланд) еркін күрестен жастар арасында Азия чемпионаты өтті. Жас спортшы Айқын Болатұлы 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, екінші орынды иеленді.
«Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Барлық спортшылар өз елінің намысын қорғауға мұқият дайындалған. Мықтылар қатарынан көріну оңай болған жоқ. Қазір демалуға уақыт жоқ, алда әлі үлкен жарыстар бар. Біз бұл нәтижені қайталау үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», - деді жас спортшы.
Естеріңізге сала кетейік, жас балуан Айқын Болатұлы 2022 жылы Қырғызстанда өткен Азия чемпионатында қола жүлде үшін қырғызстандық Темірлан Норузбековпен бақ сынасқан болатын.
Айта кету керек, Айқын Болатұлы қыркүйек айында Испанияда өтетін әлем чемпионатына қатысады