Өскемен әуежайына жақын маңдағы «Заря» саяжайының тұрғындары бір ай бойы жарықсыз отырғандарын айтады. Тұрғындар қанша әрекет етіп, жергілікті органдарға барғанымен нәтиже болмапты.
«Біз электр қуатын «Qazaqoil» компаниясынан алып тұрғанбыз. Алдында найзағай қатты болған кезде атылып кетті, содан бері жарық жоқ. Міне 1 ай болды. Саяжай басшысы әне жаңасын әкеледі, міне әкеледі деп жүр», - дейді Қайрат есімді саяжай тұрғыны.
Саяжайда қысы-жазы тұратын отбасылар да жоқ емес. Олардың барлығы балалы-шағалы жас отбасылар.
«Біздің саяжайда барлығы 90-ға жуық адам тұрады. Ал қыста да тұратындар саны шамамен 30-дан асып кетеді. Әрине, тұрғындардың барлығы балалары бар жас отбасылар ғой», - деді саяжай тұрғыны.
Ал саяжай басқарушы лауазымын уақытша атқарушы саяжайға жеке жаңа трансформатор алғанын айтып, енді соның жеткізілуін тосып отырмыз деп жауап берді.
«Мен саяжай басқарушы қызметін уақытша атқарып жатырмын. Мен бұл мәселе туралы жақсы білемін. Өзім де осы саяжайда тұрамын. Тапсырыс берген бірінші трансформатор келмей қалды. Жаңа трансформаторға тапсырыс бердік, тосып отырмыз. Кеше хабарласып сұрағанда нақты жеткізу күнін айтпады, бірақ жақын күндері әкеледі деп үміттенемін. Біз әдейі өшіріп тастамадық қой жарықты, жақында қосылады», - деді Сергей.