Лудомания қазіргі заманның үлкен дертіне айналды. Бұл туралы қанша дабыл қағылса да, нақты шешу жолдары әлі табылмай келеді. Мемлекет тарапынан заңнамаға өзгертулер енгізіліп, букмекерлік кеңселердің жарнамаларына тыйым салынып жатыр. Естеріңізге сала кетсек, жақында ғана мемлекет басшысы құмар ойындарға қатысты заңға қол қойған болатын. Дегенмен, елімізде ойынқұмарлыққа салынған азаматтар азаймай отыр.
Бұл мәселе бойынша біраз қоғам белсенділері бас көтеріп, үндеу жолдады. Жақында ғана президент қол қойған құмар ойындарға қатысты құжатқа мәжілістегі «АМАNАТ» фракциясының төрағасы Елнұр Бейсембаев пікірін білдірген болатын.
«Заң нормаларына сәйкес, мемлекеттік қызметкерлерге құмар ойындардың кез келген қызметі – букмекерлік кеңселер, казинолар және онлайн казинолар шектелетін болады. Осылайша, жалпы саны 280 мыңға жуық адамды құрайтын әскери қызметкерлер, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға қатыса алмайды. Заңды бұзған жағдайда оларды жұмыстан босатуға дейінгі қатаң шаралар қолданылатын болады. Сондай-ақ, AFM дерегінше, бүгінде 200 мыңнан астам кәмелетке толмаған балалар құмар ойындарын ойнайды. Бұл жасөспірімдер энергетикалық сусындарға мас күйінде бәс тігулері мүмкін, - дейді Елнұр Бейсембаев.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде лудоманияға шалдыққан адамдардың саны жыл сайын көбейіп келеді. Бүгінде 300 мыңнан астам қазақстандық осы дерттің құрбанына айналған. Дәл сондай ойынға құмар болып, кейін айыққан 21 жасар қала тұрғынымен сұхбаттасқан болатынбыз.
«Менің достарым құмар ойын ойнайтын. Басында қызығушылықпен бастадым. Кейін күнде ойынға баратын болдым. Басында жұмыстан алған ақшамды салып жүрдім. Бара-бара жұмыстан айырылған соң ата-анамнан ақша ала бастадым. Ақша жетпеген соң несие алдым. Бірақ ойынға тәуелді әрі қызығып алған соң маған жан-жанымда не болып жатқаны маңызды болмады. Несиелер де көбейді, адамдарға қарызым да басымнан асып кетті. Ақыры әке-шешем алып берген пәтерді сатып жібердім. Аяғында ес кірді ме білмедім. Бір сәтте ойым мен ұятым мазалап, ата-анама барлық шындықты айтып, құмар ойынды біржола тастадым. Несиемді ата-анам төлеп берді, қарыздарымнан бірте-бірте өзім құтылып жатырмын. Қазір жұмысым бар. Енді құмар ойынға жоламайтындай болдым. Көзімді шел басып, ешкімді ойламайтын тасжүрек адам атанып кете жаздадым», - дейді Нұржан есімді кейіпкеріміз. Ол аты-жөнін толық бермеуді өтінді.
Психолог мамандарының айтуынша, лудомандар бірнеше психологиялық себептермен құмар ойынның арбауына түседі. Сондай-ақ оларды емдеу қиын әрі нәтижесіз болуы да мүмкін екен.
«Лудомандар – құмар ойынның шырмауына түскен адамдар. Психологиялық тұрғыда қарастырсақ оған тәуелді болудың, бұның шырмауына түсудің бірнеше себептері бар. Біріншісі, жалғыздық сезімі. Бұл адамды ең алғашқы ойнауға итермелейді, ойын процесінде алған әсер адамды қайталап ойнауға мәжбүр етеді. Екіншісі, қанағаттанбаушылық сезімі. Өмірде өз-өзіне наразы болып, ойында жеңіске жету жеңіл болғасын соны өзіне ойша көрсетіп дәлелдегісі келеді. Ойында қанашалықты жетікстікке жеткен сайын соған қайта-қайта оралғысы келіп тұрады. Кейін әрине үшіншісі бұл оңай олжа. Бір ұтыстан кейін жеңіл түскен ақшаның адреналин сезімі, бұл адамды қайта қайталап ойнауға еліктіреді. Және бұндай адамдар әр түрлі тәуелділіктерге тез ерігіш келеді. Ал жалпыда алсақ лудомандарды емдеу өте қиын процесс. Оларға дәрі-дәрмек берілмейді. Тек психотерапевт мамандар жұмыс жасайды. Арнайы диагностикалар жүргізіліп, тапсырмалар береді. Жалпы 24 сағат психотерапиялық жұмыстар жүргізеді. Оған қоса оның отбасымен де қосымша жұмыс жүргізеді. Бұл дерттен емделу шамамен 6 ай уақытты алады. Бірақ көбіне басым көпшілігі ойынға қайта салынып кетеді. Бұл дерттен адамның өзі емделуі қиын», - дейді психолог Асем Рахым.
Құмар ойындарының зардабы елдің дамуына кері әсерін тигізіп жатқаны анық. Лудоманияның кесірінен еліміздегі отбасы институты күйреуде. Сарапшылардың айтуынша, ерлі-зайыптылардың ажырасу фактілерінің жиілеуіне де құмар ойын әсер етіп отыр. Атап айтқанда, ажырасу оқиғаларының 40%-ы ерлі-зайыптылардың бірінің жеңіл ақшаға құмартуының салдарынан болады.
«Қандайда болсын ойын рақаттануға алып келеді. Ойын процесінде алған ләззат, адреналинның көп бөлінуі миды ширатады. Осының салдарынан адам үйреншікті рахатқа мысалы: отбасы, достары, махаббат сияқты қызықпайтын болады. Біртіндеп айналасына деген сезімдері мен эмоциялары өше бастайды, осы кезде адам роботқа айнала бастайды. Тіпті ол адам құмар ойыннан емделуі керек екендігінің қажеттілігін түсінбейді. Сүйтіп өзі үзе алмайтын құмарлықтың, тәуелділіктің шеңберінде жүреді», - дейді психолог.
Амангелді Әдемі