"Бір айда 30 ауыл жойылды". Халқы азайған елді мекендер жайы жұртты алаңдатады


Басты 5-07-2024, 12:19 0

Ауыл – қазақтың алтын бесігі, дүниетанымының бастауы. Қазіргі таңда ауыл халқының саны жылдан-жылға азайып келеді. Статистикаға сүйенетін болсақ, 2024 жылғы 1 мамырда ШҚО халқының саны 726,3 мың адамды құрады. Соның ішінде ауыл тұрғындарының саны – 242,1 мың адам, яғни жалпы халықтың 33,3%-ына тең. Елімізде 1 айда 30 ауыл жойылған. Ал небәрі 50 адамнан тұратын 549 ауыл бар. 

«Ауылда адам саны азайды. Жастардың көбісі жұмыс іздеп, қалаға кетті. Қазір біздің ауылда 4-5 үй ғана қалды. Туған жерді қиып кете алмай жүрміз, әйтпесе бала-шағаның барлығы қалада. Жол да нашар. Ауылымызда қыс қатты, осы жылы біраз қиындықтар болды,, өздеріңіз де білетін шығарсыздар. Қар қалың түсіп, бірнеше күн қатынас болмай қалды. Енді мемлекет тарапынан ауылды дамытуға жағдай жасалса, біз қуанар едік», - дейді Марқакөл ауданы Балықтыбұлақ ауылының тұрғыны Қанаш Молдабеков.

Ауылда жұмыссыздықтан басқа жол, интернет, ауыз су мәселесі де өзекті. Тұрғындардың айтуынша, ауылда жағдай болмағандықтан жастардың басым көпшілігі қалаға кеткен. Бір ғана Марқакөлдегі Төсқайың ауылында 4-5 үй ғана қалған. Қысы қатты, жазы салқын ауылдан табиғат қолайсыздығы үшін кетті дейін десең, кезінде бұл ауылда біраз адам тұрған. Демек, мәселе ауыл халқына жағдайдың дұрыс жасалмауынан болса керек деп топшылайды жергілікті тұрғындар.

Ал Катон-Қарағай ауданындағы Маралды ауылында бар-жоғы 1 үй ғана қалды.

Жалпы ауылдан адамдар неге кетіп жатыр? Осы сауал төңірегінде ауылға адам шақырумен айналысып жүрген қоғам белсендісі әрі Тарбағатай аудандық мәслихатының депутаты Сұңғат Демесіновтің пікірін білген болатынбыз.
 
«Халықтың тұрмыс тіршілігі жақсы болса, туып өскен жерін қиып көшпес еді. Тоқсаныншы жылдары барлық жұмыс орындары жабылып, халықтың тұрмыс тіршілігі күрт төмендегеннен, тіршілік көзін іздеп бұқара қалаға қарай үдере көшті. Ал енді қалаға қарай халықтың көшпеуіне мемлекет тарапынан не істеуге болатыны жайлы өзім біраз атқамінерлерге, парламент депутаттарына ұсыныстар жасадым бірақ нәтиже жоқ ешқандай», - дейді Сұңғат Жұмабекұлы.

Оның айтуынша, ауылдағы басты мәселе – жұмыссыздық, бұл мәселе шешілсе ауылды сақтап қалу мүмкіндігі де артады.

«Ет консервілейтін, шұжық өнімдерін шығаратын цехтар, наубайхана, сүт өнімдерін өңдеп, тазартылған сүт, май, айран, кілегей, қаймақ, жұмыртқа өндіретін цехтар, жүн, тері өңдеп, мақта-мата, тон, ішік, пима, етік, басқа да киім тігетін цехтар, жылыжайлар ашуға болады. Ең бастысы—жұмыс орындары ашылған соң ауылдан қалаға тұрғындардың, жастардың жаппай көшуі тоқталып, ел бесігі — ауылды сақтап қаламыз», - дейді ол.

Ал үкімет ауылдың тыныс-тіршілігін қайта дамыту үшін мемлекет тарапынан әртүрлі бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр дейді. Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың айтуынша, ауыл халқының табысын арттыру мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы қолға алынды. Бұдан басқа, агроөнеркәсіп кешені салаларына, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге инвестициялар тарту жұмыстары жүріп жатыр.


Әдемі Амангелді

Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив