Биылғы жыл ШҚО-да «Жол жылы» деп жарияланғаны белгілі. Аймақ басшысы Ермек Көшербаев осы жылда 600 шақырым жолдар мен көшелер ретке келтірілетінін айтқан.
Осыған орай өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «2024 жылғы жолдар жылы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.
Шара барысында ШҚО жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Уәлиев Ерлан Келсінғазыұлы атқарылып жатқан жұмыстар жайлы есеп берді. Оның айтуынша, 600 км жолдар мен көшелерді орташа жөндеу бойынша 110 жобаны іске асыру жоспарда тұр. Оның 11 – өтпелі, 99 - жаңа жоба.
«Қаламыздағы Сәтпаев пен Жібек Жолы даңғылдарының қиылысындағы көлік айрығының, Пермитин мен Славский көшелерінің қиылысының құрылысы жалғастырылды. Алматы тас жолына шығатын Жібек Жолы және Базовая көшелерін қайта жаңарту биыл аяқталады», - деді Ерлан Келсінғазыұлы.
Сондай-ақ Қазақстан көшесі, Жеңіс және Славский даңғылының тұсында Ертіс көпірінен түсуде айырық жолдар салу, Виноградов көшесінің тұсында Ертіс өзені арқылы өтетін көпірді жобалау мәселесі пысықталуда.
«Ал облыс жолдарын күтіп ұстауға 6,2 млрд. теңге бөлінді. Облыстық маңызы бар жолдарды күтіп ұстау үшін 160 мың м² шұңқырларды жөндеу жұмыстары жоспарланған, қазіргі уақытта 130 мың м² көлемінде орындалды. Қиыршық тасты жолдар мен жол жиектерін профильдеу, 425 дана жол белгілерін орнату және ауыстыру, 1 мың км жүріс бөлігін белгілеу, шөп шабу жұмыстары жүргізілді», - деді ол.
Сонымен қатар облыстық және аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекендердің көшелерін жөндеу көлемі екі есеге ұлғайтылып, ал қаржыландыру 31,5 млрд. теңгеге дейін жеткізілген. Былтыр 20,4 млрд. теңге бөлініпті. Ал жолдар мен көпірлерді салуға және қайта жаңартуға – 3 млрд. теңге бөлінген.
Айта кету керек, Шығыс Қазақстан облысы бойынша автомобиль жолдарының жалпы желісі 5265 км құрайды, оның ішінде: республикалық маңызы жолдар - 1238 км, облыстық маңызы жолдар - 1587 км, аудандық маңызы жолдар - 2440 км.