Шығыс Қазақстандағы республикалық маңызы бар жолдардың бойындағы көпірлер мен су өткізетін құбырлар толқытазаланды. Жол учаскелерінде тасқынға қарсы жұмыстар үздіксіз жүргізіліп жатыр. Бұл жөнінде облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасарының міндетін атқарушы Нұрбек Ерланұлы айтты.
«Жалпы облыстың автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінде 782 бірлік техника қалыптастырылды, оның 100-і республикалық, 119-ы облыстық, 563-і аудандық әкімдіктердің қармағында»,- деді Нұрбек Ерланұлы.
Айта кету керек, жыл сайын еліміздің көптеген облыстарында су тасу қаупі туындайды. Шығыс Қазақстан облысында да жолдың шайылуы, елді-мекендерді су басу сияқты жағдайлар кездеседі. Соған орай техникалар жұмылдырылып, қауіпсіздік шаралары ұйымдастырылады.
«Өткен су тасқыны кезеңінде облыста 26 жағдай орын алды, оның ішінде 16 су басу жағдайы, 2 жолдың шайылуы, 1 жолдың құлауы, 7 жағдайда елді мекендердің су басуын болдырмау үшін жол жабындары жыртылды. 2024 жылы тасқын су салдарынан Күршім ауданындағы Күршім-Топтерек аудандық маңызы бар автожолдағы көпірдің бетон конструкциялары шайылған болатын, соған байланысты учаскені айналып өту ұйымдастырылып, қысқа мерзімде Топтерек кентімен көлік қатынасы қамтамасыз етілді. 2024 жылы жазғы кезеңде көпір қалпына келтірілген болатын», - дейді бейінді басқарма өкілі.
Сондай-ақ ағымдағы жылдың су тасқыны кезеңіне дайындық туралы да атап өтілді. Дайындық барысында облыстық маңызы бар Ақсуат-Бөкей-Қарасу-Ақжар- М-38 Омбы-Майқапшағай 55 шақырымы, Күршім-Қалжыр-Ақсуат автожолдарын судан сақтау үшін арнайы бөгет салу жұмыстары жүргізілген.
«Облыстық маңызы бар жолдарда 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық шеңберінде 2024 жылдың жазында 10 су өткізу құбырына жөндеу/кеңейту жүргізілді. Жасанды құрылыстарды тазарту бойынша жоспарлы жұмыс ағымдағы жылдың ақпан-наурыз соңына дейін жалғасты, қазіргі уақытта барлық құбырлар, көпірлер таза және су өткізуге дайын. Әр жолды пайдалану учаскесінде (ПДУ) қажетті көлемде инертті материалдар әзірленген, құм, тас, топырақ. Қапшықтарды, құрал жабдықтақ сатып алынды. Төтенше жағдай кезінде адамдар мен мамандандырылған техникамен жабдықталған жедел ден қою жасағы бар. Жолды күтіп ұстайтын кәсіпорындарда тәулік бойы диспетчерлік қызметтер жұмыс істеуде, арнайы кәсіпорындар күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Жауапты тұлғалар бекітілген», - деді Нұрбек Ерланұлы.
Дәл қазір су тасқыны кезеңіне дайындық және облыс жолдарында қажетті іс-шараларды орындау мәселесі тұрақты бақылауда.