Өскемендегі Ертіс көпірінің астынан айналма жол салынып жатыр. Бұл жол Пермитин мен Славский жағалауы көшелерін қосатын болады. Оның құрылысына құптайтындар да, қолдамайтындар да бар. Құптайтындар көлік жүргізушілерге ыңғайлы болады, кептеліс азаяды дейді. Ал наразылар өзен жағалауындағы әдемі демалыс аймағы бүлінеді, кептелісті азайту үшін тағы бір көпір салып берсін дейді. Екі тараптың пікірін ұсынайық.
Алексей Миронов есімді қала тұрғынының айтуынша, бұл айналма жол серуенге кедергі келтіреді.
Кешкі уақытта адамдар серуендеп жүретін жерге батпақ, құм, топырақ, қиыршық тас төгіп тастады. Одан бөлек Ертіс өзенінің енін жіңішкертті. Көктемдегі су тасқыны кезінде өзен арнасынан асып, айналма жолдың өзін басып қалмайтынына кім кепіл, - деді ол.
Қаланың тағы бір тұрғыны Қайрат Есенов айналма жолдың салынуы дұрыс деп санайды.
– Бұл жерлерде әсіресе кешкі уақытта кептеліс туады. Сондықтан да бұл айналма жол кептелісті жеңілдетеді деп ойлаймын. Жүз пайыз жоғалады демеймін, бірақ жеңілдетері анық.
Ал Алексей Божков былай дейді:
- Ертіс көпірінің астындағы айналма жол көлік жүргізушілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұл мәселеде адамдар неге басымдық берерін түсінбей жатады. Ең бастысы – қауіпсіздік қой. Жеке көлік жүргізушілерінің ғана емес, қоғамдық көлік жүргізушілерінің қауіпсіздігі. Өйткені Славский жағалауының бойымен өте көп көліктер ағылып жатады. Жеңіс даңғылы жақтан қалалық әкімдікке қарай да ерсілі-қарсылы ағылып жатыр. Ал «Бәйтерек» айналма жолымен жүруге қорқатын жүргізушілер көп. Ал көпір астындағы жол салынса, жүргізушілер оп-оңай ары-бері өтіп жүре береді, - деп өз пікірін білдірді.
Ал «Школа Добрых Дел» спортклубының директоры Игорь Морозов көпір астындағы айналма жолдың салынуына көптен бері риза емес. Ол облыс басшылығына бірнеше рет үндеу жолдаған.
- Мен Славский жағалауында, айналма жол салынып жатқан жерде тұрамын. Күнделікті қанша көлік өтетінін көріп жүрмін. Өте аз көлік өтеді. Әкімдіктің бұл жолды салуына ешқандай негіз жоқ. Кептеліс мәселесін шешеді дейді. Қайдағы кептеліс? Ондай мәселе болса, екі қапталды жалғайтын тағы бір көпір салсын. Сонда ғана оң шешімі табылады. Ал қазір салынып жатқан айналма жолдың кесірінен енді қала тұрғындары екі жақтан көліктің газын жұтып жүретін болады. Қаламыздағы ең жақсы саналатын демалыс орындарының бірі құртылып жатыр, - деді ол.
Өскемен қалалық ТҮКШ және көлік бөлімінің басшысы Мәулетханов Абзалдың айтуынша, бұл айналма жол сол маңайдағы кептеліс мәселесін шешпек.
- Көлік жүргізушілері бұрынғыдай айналып әуре болмайды, көпірдің астымен өте шығады. Желтоқсан көшесінен Славский жағалауына және керісінше, Славский жағалауынан Желтоқсан көшесіне көпір астындағы жолмен емін-еркін шығып жүре береді, - деді ол.
Әділ Әуезхан