Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Қалбатау–Майқапшағай бағытындағы күре жолда жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Аталған жолдың облыс аумағына тиесілі 5 учаскесінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жолдардың жалпы ұзындығы – 231 шақырым. Бүгінгі күні 217 шақырымында асфальт төсеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі таңда тек бір ғана учаске жөндеусіз қалып отыр, ал қалған бөліктерде абаттандыру жұмыстары қолға алынған.
– Қалған бір учаске бойынша жұмыстар жақын арада басталады. Сонымен қатар, Тарбағатай ауданында бітпеген 6 учаске бар. Бұл жұмыстарды қыркүйек айының соңына дейін толық аяқтау жоспарланып отыр, – деді «ҚазАвтожол» ҰК» Шығыс Қазақстан облысының филиалы директорының орынбасары Алтай Сәркен.
Айта кетейік, жол жөндеу жұмыстары 2019 жылдан бері жалғасып келеді. Бұл бағыттағы жол жөндеу жұмыстары өңірдің көлік инфрақұрылымын жақсартуға, транзиттік әлеуетін арттыруға және тұрғындардың жүріп-тұруын жеңілдетуге бағытталған.