Тарбағатай ауданына жұмыс сапары барысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Ақжар ауылындағы аудандық ауруханаға барып, медициналық мекемелердің жай-күйімен танысты.
Биыл Тарбағатай ауданының медициналық ұйымдарына сегіз бірлік заманауи медициналық жабдық сатып алынбақ.
Аудандық аурухана амбулаториялық-емханалық, стационарлық және стационарды алмастыратын форматтарда мамандандырылған көмек көрсетеді. Емханалық бөлім күніне 150–200 адамды қабылдауға қауқарлы.
Қазіргі таңда тіркелген халық саны – 17 338 адам. Медициналық көмек 16 мамандық бойынша көрсетіледі. Клиникалық-диагностикалық бөлімге функционалды диагностика, ЭКГ, УДЗ, спирография, эндоскопиялық зерттеулер (ФКС, ФГДС), рентген, маммография, зертхана және физиотерапия кабинеттері кіреді.
– 2025 жылы Ақжар ауылында аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесіне күрделі жөндеу жүргізілді, ал Тұғыл ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл ауданның медицина мекемелері үшін заманауи жабдықтар, соның ішінде жылжымалы цифрлық рентген-флюорограф (ФЛЮКАР), хирургиялық LED-шамдар, хирургиялық үстелдер, аспираторлар және басқа да құрылғылар сатып алынады. Сонымен қатар, аудандық ауруханаға жалпы құны 453,9 млн теңге болатын «Canon Medical Systems Corporation» (Жапония) өндірісіндегі 160 кескін жасауға қабілетті жоғары сапалы компьютерлік томография аппараты сатып алынды. Аурухананың аудиология кабинеті «Аудио-СМАРТ» (БАӘ) жүйесімен жабдықталған (КСВП, импедансометрия, аудиоскрининг), – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Облыс әкімі аудандық аурухана ұжымына жаңа жедел жәрдем көлігінің кілтін табыстады.
Шетелде медицина қызметкерлерін даярлау бағдарламасы аясында Тарбағатай ауданының мамандары Ресей, Түркия, Германия және Израиль елдерінде білім алған.
Аудан халқын медициналық қызметпен қамтамасыз ету Ақжар ауылындағы аурухана мен емханадан бөлек, Қарасу, Қабанбай, Тұғыл, Құйған, Жетіарал, Маңырақ, Жаңаауыл ауылдарындағы 7 дәрігерлік амбулатория мен 19 медициналық пункт арқылы жүзеге асырылады.