Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Тарбағатай ауданының орталығы Ақжар ауылында жергілікті аудан тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Кездесу барысында облыс әкімі алдымен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша есеп берді. Сондай-ақ тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, өзекті мәселелерді талқылады.
– Ауданымыз қарыштап, жақсы дамып келеді. Дегенмен мәселелер де жоқ емес. Біздің аудандағы 2 мектепке жөндеу жұмыстары жасалған. Бірақ, дарынды балаларды оқытатын К.Билялов атындағы гимназия интернатыны салынғалы ғимаратында жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Облыс әкіміне сол мәселе жөнінде сұрағымды қойып, алдағы уақытта шешімін табады деп ойлаймын, – дейді Ақжар ауылының тұрғыны Мұсағали Есембаев.
Ауыл халқын толғандырған басты тақырыптар – экономикалық жағдай, инфрақұрылымның жай-күйі, білім мен мәдениет салаларының дамуы болды. Сонымен қатар облыс әкімі жеке қабылдау өткізіп, азаматтардың жеке өтініш-тілектерін тыңдады.
Бұл кездесу ашық диалог пен жергілікті халықтың ұсыныс-пікірлерін ескеруге бағытталған маңызды алаңға айналды.