Шығыс Қазақстан облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Асубұлақ орман шаруашылығы» дрон сатып алуға 105 млн теңге жұмсамақ. Барлығы 18 дана сатып алу жоспарланған. Яғни, аппараттардың біреуі шамамен алты миллион теңге тұрады.
Сонымен бірге дрондардың бесеуі түнде ұшыруға жарамды болуға тиіс. Құрылғыларды аталмыш мекеме төтенше жағдайлар кезінде пайдаланады.
Айта кету керек, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің аппараты мұнымен қатар тікұшақтарды жалға алу қызметіне де қаржы бөліп отыр. Мемлекеттік сатып алулар сайтындағы дерекке қарағанда, екі тендер жариялаған. Олардың біреуінде 10 миллион теңге, екіншісінде 82 миллион теңге қаржы қарастырылған.
Талап бойынша, тікұшақтар 22 адамды тасымалдауға қабілетті болуы керектігі және тапсырыс беруші жазбаша немесе ауызша өтініш берген сәттен бастап жазда бір сағат, ал қыста екі сағат ішінде шұғыл жөнелтуді қамтамасыз ету тиіс екендігі ескертілген.