Ауыл туризмі кейінгі жылдары облыстағы туризм саласының даму бағыттарының біріне айналды. Бұл ауыл туризмінің қызмет көрсету деңгейінің жақсарғанын көрсетеді. Соған орай, облыс әкімдігі Глубокое ауданындағы көрікті Зимовье ауылын, Катонқарағай ауданындағы Коробиха ауылын және Риддер іргесінде орналасқан Поперечное ауылын ауылдық туризмнің жарқын үлгісіне айналдыруды жоспарлап отыр.
Қазір облыс көлеміндегі ауылдарда 60 қонақ үй құрылып жатыр екен.
Сондықтан ауыл халқына қонақтардың көңілінен қалай шығу керектігі мен қонақүй кәсібі, тамақ дайындау саласының қыр-сырын үйрететін орталықтар құрылған.
«Білім басқармасымен бірге қонақжайлылықты арттыру курстары әзірленді. Аталған курстар шілде, тамыз айларында өтеді. Ауылдық туризмді дамыту тәжірибесін ауқымды ету мақсатында Коробиха ауылына аудан мен қалалардың әкімдері барады», - дейді Шығыс Қазақстан облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Ардақ Мәдиев.
Әкімдік табиғат әдемілігінен бөлек, облыс ауылдары ауқымды брендтік шаралармен туристерді тарта алады дейді. Мысал ретінде «Бүркітші» фестивалін айтады. Бұл іс-шараға қатысушылар елдің түкпір-түкпірі, тіпті шетелден де келеді.