Шығыс Қазақстан облысының әсем табиғаты туристерді қызықтырады. Дегенмен, сулы да нулы өлкенің туризм саласында шешілмеген түйінді мәселелері жетерлік. Жол сапасын былай қойғанда кадр дайындау мен сервис жағдайы да ақсап тұр.
«Қазақстанда туризм дамып келе жатқан салалардың бірі. Шығыс Қазақстан табиғат локацияларына өте бай. Мәселен, таулы орман, өзен-көл, шөл дала, ал қыста шаңғы тебуге арналған орындар бар. Осыны 4 мезгіл, жыл 12 ай тамашалауға мүмкіндік бар. Кемшіліктеріне тоқталсақ, ең үлкен мәселелердің бірі – инфрақұрылым. Бұндағы жол мәселесі басты орында. Себебі, демалу орындарының барлығы қала орталығынан алыста орналасқан. Катонқарағай, Риддер, Марқакөл, Қиынкерішке жолды жөндеп, салып тастаса туристердің өздері-ақ ағылады деп ойлаймын»,- дейді ішкі туризм бойынша сарапшы, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының ШҚОФ креативті индустрияны дамыту кеңесінің мүшесі Сымбат Рамазанов
Сарапшы кадрлардың жетіспеушілігін де тілге тиек етті. Айтуынша, туризм саласында сауатты мамандар өте аз. Оған себеп сұраныстың аз болуы мен жоғарғы оқу орындарында практиканың жетіспеуі.
«Екінші мәселе – кадр мәселесі. Туризм саласында көп тіл білетін сауатты гид мамандары өте аз. Бұл мамандарға сұраныс аз болғандықтан 80%-ы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді деп сенімді түрде айта аламын. Тағы айта кететін жәйт, жоғарғы оқу орындарында кімдер дәріс өткізеді, туризм саласының мамандары ма жоқ тек теоретиктер ме деген сауал бар Студенттерде пратика аз. Теория мен практика 50/50 болса жақсы мамандар шығады деген ойдамын. Сонымен қатар сервис сапасын да жақсарту керек»,- дейді ол.
Ал туризм саласымен шұғылданатын кәсіпкерлер үшін жерді жалға алу мәселесі өзекті көрінеді. Сонымен бірге заң да "ыңғайсыз".
«Шығыс туризмі шетелдік туристерді қабылдауға дайын емес. Бізде барлық мүмкіндік қарастырылғанымен заң аясында қолдау жоқ. Тау шаңғы туризмін дамыту үшін тау бар, жағажай туризмін дамытуға су қоймалары, көлдер бар. Бірақ заң туризмді дамытуға мүмкіндік бермейді. Алдымен жер мәселесі, жаңа демалыс орындарын салу үшін жер керек. Жерді жалға алудың өзі үлкен жұмыс. Екінші – инфрақұрылым сапасын жақсарту керек. Электр токтарының көбісі ескі, қолдануға қауіпті. Үшінші – үкімет тарапынан берілетін субсидиялар. Мысалы, несие 5 жылға беріледі десек, ол уақыт аралығында несиені толығымен төлеу оңай емес. Құрылыс пен қолданысқа берудің арасында 1,5-2 жылдай уақыт өтіп кетеді. Сондықтан. демалыс орындарының бағасы туристерге қолайлы болу үшін кәсіпкерге 15-20 жылға берілетін көмек керек», - дейді кәсіпкер Александр Чиликин.
Ал Шығыс Қазақстан облыстық туризм басқармасы туристерге қолайлы орта туғызу үшін барлық жағдай жасалып жатқанын айтады. Басқарманың дерегінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша облыстың туризм саласына ағымдағы жылдың 1 тоқсанында 12 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. Ал 2023 жылғы ресми статистика бойынша туристер саны 370 мың адамнан асқан, оның 18 мыңнан астамы шетелдік туристер. Сондай-ақ, туризмді дамытуға байланысты шаралар да ұйымдастырылған.
«Биылғы жылы бірқатар маңызды шаралар өтті. ҚХР-дағы «Қазақстанның туризм жылы» аясында аймақ делегациясы Бейжіңдегі форумға, Шанхайдағы халықаралық туристік көрмеге қатысты. Одан бөлек «көлеңкелі бизнестің» жолын кесу мақсатында әртүрлі түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Туристік сайттар мен қызметтерге де көңіл бөлінді. Туристердің қозғалысының ыңғайлылығы үшін санитарлық-гигиеналық қондырғылар жол бойындағы қызмет көрсету объектілеріне қойылады. Сонымен қатар, әкімдік туризм саласындағы инвесторлармен туризмді дамытуға арналған бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін келіссөздер жүргізіп жатыр»,- делінген облыстық туризм басқармасының Bizdiң Өskemen сайтына жолдаған ресми ақпаратында.
Әдемі Амангелді