Уақыт белдеуін қайта қарау мәселесі бойынша құрылған жұмыс тобының кейбір мүшелері үкімет өздерінің пікірін елемей ме деп алаңдаушылық білдірді.
Еске салайық, 21 маусымда бұрынғы уақыт белдеуліне оралу туралы петиция қарала бастады. Петиция бастамашыларына уәж айтуға мүмкіндік берілді. Олар «сағат реформасы» тудырған қолайсыздықтарды тізіп шықты.
Шағымдардың басым бөлігі Шығыс тұрғындарынан түскен. Олар таң атысымен ұйқы бұзылады дейді. Адамдар жұмыс күнінің ортасында-ақ шаршап-шалдыға бастайтынын алға тартады.
Жұмыс тобының мүшесі, медициналық психолог Евгений Янның айтуынша, адам ұйықтаған кезде ағзаның қалпына келуіне жауап беретін мелатонин гормоны таңғы сағат үште бөлінеді. Дәл осы уақытта шығыста жарық түсе бастайды. Таң атқанда адамға қажетті гормон өндірісін тоқтатады және терең ұйқы фазасын қысқартады. Евгений Ян бұл құбылыс жинақтала келе адамдардың денсаулығына нақты зиян келтіре бастайды деп мәлімдеді. Оның айтуынша, бірінші кезекте қарттар мен балалар зардап шегеді.
Шығыс Қазақстан облысынан келген жұмыс тобының мүшесі Роман Честных еліміздің шығысы мен батысында күн әр түрлі уақытта шығып, батады деді. Бүгінде үкімет еліміздің шығыс өңірлерінің тұрғындарын батыс өңірлеріне қолайлы кесте бойынша өмір сүруге мәжбүрлеп отыр. Батыста адамдар жұмыстан немесе мектептен шыққан кезде күнді жылдың үштен бір уақытына тең ұзағырақ уақытқа көре алады. Шығыс Қазақстан облысының қоғам белсендісі бұл адамдарды тұрғылықты жеріне байланысты кемсіту деп есептейді.
Жұмыстың ұйымдастырылуына көңілі толмайтын жұмыс тобының мүшелері маусымның 25-і күні журналистер үшін баспасөз мәслихатын өткізді. Олар бұл мәселе бос әңгімемен шектеледі деп қорқады.
- Бірыңғай уақыт белдеуі қабылданарда тараптар арасында теңсіздік орын алды. Үкімет жағы ойына келгенін істейді, деді Әсет Наурызбаев.
Жұмыс тобының мүшелері жалпы қанша отырыс болатынын, петиция бойынша шешімнің қандай формада қабылданатынын әзірге білмей отыр. Келесі кездесу 28 шілдеде өтеді деген ақпарат бар. Бірақ тіпті қатысушылардың өзі бұл датаны бейресми алған, сондықтан оның шындығына сенімді емес.