"Қазіргісі дұрыс". Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл бірыңғай уақыт белдеуі туралы пікір білдірді


ЖАҢАЛЫҚТАР 31-07-2024, 11:14 0

Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл уақыт белдеуінің ауысуына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, өзгеріс дұрыс қабылданған. Бұл жаңа белдеу осы аймақтардағы уақыт белдеуіне сәйкес келеді.

Еркін Әбіл бұрынғы режимге қайта оралудың қажеті жоқ екеніне сенімді. Оның ойынша, қазан-қараша айларында жаңа уақыт белдеуіне қарсылар да жаңа режимнің пайдалы жақтарын сезінеді.

- Сол кезде таң ертерек атады, балалар ерте тұрып, мектепке барады. Адамдар да сағаттың ауысқанына үйреніп қалады. Сондықтан мен бұл мәселені кем дегенде бір жылдан кейін қарастыруды ұсынар едім. Өйткені екі айда қорытынды шығару мүмкін емес, - деді мәжілісмен.

Айта кету керек, Қазақстан 1 наурызда бірыңғай уақыт белдеуін қабылдады. Яғни, бүкіл елде бір ғана бесінші белдеу мақұлданды. 
ШҚО табиғи орналасуы бойынша алтыншы белдеуде. Тұрғындары о баста уақытты шегеруге наразы болған.

Алайда басқа облыстар да жаңа уақыт ыңғайсыз болғанын айтып жатыр. Наразылар уақытты кері қайтару туралы петиция да жариялаған. Үндеуде «жұмыс пен демалыс уақытының сәйкеспеуінен жұмыс өнімділігі төмендеп, ұйқы дұрыс қанбайды» деп жазылған. 

Бұған дейін Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қазіргі уақыт белдеуі «...денсаулыққа кері әсерін тигізген жоқ деп айтуға негіз бар» десе, әлем сарапшылары «...Қазақстанда көптеген адамдар үнемі джетлаг (сағаттық белдеу ауысу синдромы) күйінде. Олардың денелері күн мен түннің ырғағына үйренбеген... Бұл уақытта жұмыс істеу көптеген адамдарға қиындық туғызады және ағза үшін ол экстримальды қиындық» деп өз пікірлерін білдірген болатын.

Ал наразылық петициясы аз уақыттың ішінде 50 мыңнан астам қол жинаған. Енді оны Азаматтық процестік кодекстің 90-4-бабына сәйкес, сауда және интеграция министрлігі қарастырып жатыр.

Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив