Өскемен мен Алтай қаласының ортасындағы Осинов асуы - жүргізушілерді сыннан өткізетін жол. Қазір ирек жолдың шұрық-тесік болып жатқаны жағдайды тіпті қиындатқан. Ал мұндай қиындықтан “құтқарады” деген жаңа жол әлі салынып бітпейтін түрі бар.
2018 жылы жолдың кей тұстары мемлекеттік орман қорының аумағынан өтетіндіктен, құрылыс доғарылған еді. Ведомствоаралық келіспеушіліктер шешіліп жатқанда, мердігер кетіп, жобалау-сметалық құжаттамасы да ескірген-ді.
Алайда, 2023 жылдың соңында 56-72 шақырымдар арасындағы учаскеде жұмыс қайта басталды. Бастапқыда бұл учаскені биыл аяқтауға уәде берілді. Бірақ көпір тіректері әлі ррнатылмаған.
Ал 72 – 88 шақырымдар арасындағы учаске бойынша жоба түзетіледі. Бұл аралықты қолданысқа беру ресми түрде 2025 жылға шегерілді.