Тағы да Зайсанның мәселесі. Құбыр тартылғанымен газдың өзі жетпей қалуы мүмкін


Басты / ЖАҢАЛЫҚТАР 21-05-2024, 16:09 0

Зайсан ауданының ауылдарына газ құбырын тарту мәселесі "сот процесіне байланысты" тоқтап тұр. Бұл жөнінде Зайсан ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Зумрад Дүйсенбаева 21 мамырда Bizdin Oskemen сайтына хабарлады.


Оның айтуынша, газдандыру жобасы тоғыз елді мекенді тәмамдап, сегіз ауылға келгенде тоқтап қалған. Әкімдік құбыр тартуға тиіс мекеме "жұмысты уақытылы орындамады" дегенді айтады. 


— Зайсан ауданы 8 елді мекенінің ауылішілік газ құбырларын тарту жобасын іске асыру 2022 жылдың маусым айында басталып, 2023 жылдың желтоқсан айында аяқтау жөнінде жоба мердігері "СтройГаз Компани" компаниясымен 1.2 млрд. теңгеге келісім-шарт жасалған. 2022 жылы 215 млн. теңгесі игерілгенімен, 2023 жылы тамызда тексеру комиссиясы атқарылған жұмысқа бақылау жүргізіп, нәтижесінде 41.7 млн. теңгеге орындалмаған жұмыстар анықталды, Осыған байланысты ШҚО мамандырылған экономикалық сотына мердігер мекеменің жауапкершілігіне байланысты талап-арыз берілді. Бүгінгі күні талап-арыз сотпен қаралуда. Сондай-ақ, жобаның сараптау мерзімінің аяқталуына байланысты түзету жұмыстары жүргізілуде, — деді Зайсан ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Зумрад Дүйсенбаева.


Дегенмен сот процесі аяқталған соң да көгілдір отынмен қамту жобасы бірден іске асады деген кепілдік жоқ. "Жобаға қаражат бөлінетін болса, құрылыс жұмыстары жалғастырылады", деді ішкі саясат бөлімінің басшысы.


Бұдан бөлек газ қорына қатысты да проблема бар. Құбыр тартылғанымен газдың өзі жетпей қалуы ықтимал. 2022 жылы Зайсан ауданы әкімдігі «газ қоры аз қалды, шамамен 10 жылға жетеді» деп хабарлаған. Бас прокуратура «Тарбағатай мұнай" компаниясы газды Қытайға нарқынан төмен бағаға сатты деп айыппұл төлеуге міндеттеген.


Әуел баста газ қорының тең жартысы ішкі нарыққа, жартысы шетелге сатылады деп жоспарланған, бірақ жоғары айтылған бірнеше себепке байланысты бұл жоспар іске асқан жоқ. 

Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив