Ауылдың 200 мың оқушысы жайлы мектепте оқиды

ЖАҢАЛЫҚТАР Бүгін, 16:30 0

Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Екі жыл ішінде ұлттық жоба аясында 460 мың оқушы орнына арналған 217 заманауи мектеп салу жоспарланған. 

Бүгінгі таңда 105 білім беру нысанының құрылысы аяқталса, ал қалған 112 мектеп 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Аталған жоба тұрғылықты жеріне қарамастан, барлық қазақстандық баланы заман талабына сай сапалы біліммен қамтамасыз етуге бағытталған.


Айта кету керек, бұл мектептердің жартысына жуығы ауылдық жерлерде салынуда. Осылайша, 200 мыңнан астам ауыл баласы қазіргі заманғы жайлы білім беру ортасымен қамтылды. 

– Бұл жоба – елімізде орта білім сапасын арттыруға және қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты жоюға бағытталған стратегиялық бастама. Бұл — жай ғана мектеп ғимараттары емес, ұлт болашағы өсіп шығатын киелі білім ордалары. Сондықтан ұлттық жоба аясында қалыптасатын білім ұйымдарын «Келешек мектептері» деп атауды ұсынып отырмыз», – деді Ғани Бейсембаев Орталық коммуникация қызметінің алаңында өткен брифингте. 

Бұл мектептердің артықшылығы – онда оқушыларға қолайлы, эргономикалық білім беру кеңістігінің құрылуында. Мектептердің көлемі типтік жобаларға қарағанда, 15-20%-ға үлкен, ал техникалық жарақтануы 4 есеге артық. Барлық мектептер заманауи жиһазбен және құрал-жабдықтарымен толықтай қамтамасыз етіліп, қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін бөлек блоктар қарастырылған. 

Жоба аясында жергілікті өндірісті қолдауға ерекше басымдық берілуде. Мектеп құрылысына қажетті материалдар, мектеп жиһаздары тек отандық тауар өндірушілерден сатып алынуда.


Adil

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив