МӘМС жүйесіне өзгеріс енгізілді

ЖАҢАЛЫҚТАР Бүгін, 16:45 0

Бүгін Парламент Мәжілісінде екінші оқылымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды, бұл заң жобасы МӘМС жүйесін жетілдіруге бағытталған бірқатар негізгі жаңалықтарды қамтиды.


Мемлекет басшысы 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында бюджеттің мүмкіндіктері мен міндеттемелері тұрғысынан теңгерілген бірыңғай мемлекеттік медициналық көмек пакетін қалыптастыруды тапсырды. Мемлекет кепілдік берген пакет бюджет қаражатының есебінен қаржыландырылатын болады. «Одан тыс қызметтер сақтандыру жүйесі арқылы төленуі тиіс», – деп атап өтті Президент.


Бірыңғай медициналық көмек пакеті кең таралған аурулар бойынша базалық медициналық көмекті кепілдендірілген түрде қамтамасыз етуге, сондай-ақ МӘМС пен ТМККК пакеттерінің арасындағы қайталануды болдырмауға бағытталған.


Бір пакеттік қаржыландыру медициналық қызметтердің тізбесін нақты әрі ашық етуге, пациенттер мен дәрігерлер үшін түсінікті болуына, сондай-ақ медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді.


Бірыңғай медициналық көмек пакетін енгізу үшін Денсаулық сақтау министрлігі мен тәуелсіз сарапшылар барлық қызмет түрлерін, соның ішінде олардың құнын жан-жақты талдады. Негізгі мақсат – азаматтарды МӘМС жүйесімен барынша қамту және әрбір азамат үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету.


Бірінші. ТМККК шеңберіндегі МСАК пакеті сақтандырылу мәртебесіне қарамастан МСАК-қа алғашқы жүгінуде медициналық көмек алуға мүмкіндік береді. ТМККК пакетінде келесі қызметтерге қолжетімділік сақталады:

– Вакцинациялау және ерте диагностикалау мақсатында онкоскрининг;

– Әлеуметтік мәні бар ауруларға күмән болған жағдайда диагностика, емдеу және дәрілік көмек;

– Инфекциялық аурулар кезінде медициналық көмек;

– Жедел медициналық көмек, паллиативтік көмек, мейіргерлік күтім және басқа да қызметтер.


Екінші. Үкімет бастапқыда жұмыс берушілердің және жұмыскерлердің МӘМС-ке аударымдары мен жарналарын есептеу үшін ең төменгі жалақының 50 еселенген шегін белгілеуді ұсынған болатын. Депутаттар корпусының ұсынымдары ескеріліп, жұмыс берушілер үшін шекті мөлшер 40 ЕТЖ, ал жұмыскерлер үшін 20 ЕТЖ көлемінде белгіленді. Бұл жүйенің тұрақтылығын сақтап, жұмыс беруші мен жұмыскерге түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік беретін ымыралы шешім.


Үшінші. МӘМС жүйесінің тартымдылығын арттыру үшін уақытша қиындықтарға тап болған, табыссыз қалған азаматтар үшін жеңілдікті кезең ұзартылды. Енді жарналарды үздіксіз бес жыл бойы өз бетінше төлеген азаматтар жарна төлемеген жағдайда да алты ай бойы сақтандырылған мәртебесін сақтай алады. Бұрын бұл мерзім үш ай ғана болатын. Бұл әділетті әрі маңызды шешім, ол жүйеге тұрақты қатысып жүрген азаматтарды қолдайды.


Төртінші. Кәсіпкерлік кодекске медициналық қызметтерді рұқсатсыз көрсету жағдайларын анықтау үшін Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне бақылау функцияларын беру туралы жаңа норма енгізілді.


Бесінші. Заң жобасы азаматтардың көздің мөлдір қабығын және гемопоэтикалық дің жасушаларын трансплантаттау операцияларына қолжетімділігін кеңейту нормасын да қамтиды. Енді бұл қызметтер меншік нысанына қарамастан медициналық ұйымдарда көрсетілуі мүмкін, бұл медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, мұндай операцияларды күту уақытын қысқартады.


Аталған заң жобасын қабылдау мемлекет кепілдіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді – азаматтар сақтандырылған мәртебесіне қарамастан әлеуметтік мәні бар ауруларды ерте кезеңде тегін анықтаудан өте алады.


Заң денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығын нығайтуға және азаматтардың МӘМС жүйесіне толыққанды қатысуына ынталандыру тетіктерін жасауға бағытталған. Сонымен қатар, ол жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыруды көздейді – азаматтардың әлеуметтік осал топтарының МӘМС жүйесіне қатысуы жергілікті бюджеттердің есебінен қамтамасыз етіледі. 


 

Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив