Қала әкімдігінің ұйымдастыруымен Мемлекеттік рәміздер күніне орай «Қазақстан» тауына жаппай жүгіру шарасы өтті. Мерекелік жарысқа 100-ден аса кәсіби және әуесқой спортшы қатысты, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Жарысқа қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай үш топқа бөлініп бақ сынады: 18-39 жас, 40-59 жас және 60 жастан асқандар. Жүгіру аяқталған соң, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гимні орындалды.Одан бөлек, үздік спортшыларға медальдар мен мадақтамалар табысталды.
Марапаттау рәсіміне қалалық мәслихат төрағасы Александр Светаш пен қала әкімі аппаратының басшысы Азамат Қарағызов қатысты.
«-Көк байрағымыз – еркіндіктің символы, Елтаңбамыз – елдік пен бірліктің белгісі, ал Әнұранымыз – рухымыздың асқақ үні. Мемлекеттік рәміздер – әрбір қазақстандықтың жүрегіндегі мақтаныш пен жауапкершілік,»-деді Азамат Қарағызов.
18-39 жас аралығындағы топта Аян Қасымов тағы да үздік атанды. Ол осымен екінші жыл қатарынан жеңіске жетіп отыр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, Отанға деген сүйіспеншілікті арттырады.