Шығыс Қазақстан облысындағы бір ауданның соты үш жылдан бері судья лауазымына келетін қызметкер таба алмай жүр. Бұл туралы Мәжілісте өткен жиында Жоғарғы Сот кеңесінің төрағасы Денис Шипп айтты.
Оның айтуынша, қазір еліміздің сот жүйесінде 350-ден астам бос орын бар.
- Мысалы, Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай аудандық сотының судьясы лауазымына үш жылдан бері жұмыс істеуге ниет білдірген адам жоқ,- деді Шипп.
Жаңа заң жобасында оқуын аяқтаған және біліктілік емтиханын тапсырған түлектерді Жоғарғы Сот Кеңесінің ұсынуы бойынша шалғай елді мекенде орналасқан соттағы бос лауазымға жіберетін норма енгізіліп жатыр.
- Егер республикалық бюджет есебінен магистрант атанса, онда ол осы бюджет алдында қандай да бір міндеттемелерді өтеуі керек деп есептейміз, - деп түйіндеді Шипп.