Сурет: Altainews.kz
Қатты соққан дауылдан Глубокое ауданының екі елді мекенінде тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың шатыры қирап қалды, деп хабарлайды Altainews.kz. Оқиға 9 маусымда болған.
Қатты желдің салдарынан Малоубинка ауылында төрт тұрғын үйдің шатыры толық қирап, 12 үйдің шатыры жартылай бүлінген. Ал ауылдағы әлеуметтік-мәдени нысандарға залал келген жоқ.
Дәл осындай жағдай Быструхада да болған. Мұнда үш үйдің шатыры жартылай қирап, қора-жайлар бүлінген, үш бизнес нысанына залал келген. Ауылдағы мәдениет үйінің шатыры толық қирап қалды.
Аудан әкімдігінің хабарлауынша, ауданда табиғат апатынан келген шығынды есептейтін комиссия құрылған. Зардап шеккендердің барлығына 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде өтемақы төленеді.
Оқиға жексенбіде күндізгі сағат 15.00 шамасында болған. Глубокое ауданында қатты дауыл тұрып, желдің жылдамдығы секундына 25-30 метрге дейін барған.