Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданында жалған дипломмен жұмыс істеген мұғалімге 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (73 840 теңге) айыппұл салынды. Бұл жөнінде Шығыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады. Бірақ сот мекемесі мұғалім жалған дипломды қайдан алғанын айтпады.
ШҚО Соты баспасөз хатшысының айтуынша, мұғалім жалған дипломды белгісіз біреуден сатып алып, өзі жұмыс істейтін мектеп басшылығына берген. Содан соң мектеп директорынан жалақысына үстеме сұраған. Құжаттың жалған екенін біле тұра, негіз ретінде әлгі дипломды көрсеткен.
Сот мұғалімді Қылмыстық кодекстің 385-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танып, оған 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көлемінде айыппұл салды.
Bizdin Өskemen сайтының тілшісі ШҚО сотының баспасөз қызметінен әлгі мұғалім жалған дипломды қайдан алды және жалған диплом беруші жазаланды ма деп сұрады. Бірақ соттың баспасөз хатшысы "ол адам анықталмады, белгісіз болып қалды" деп жауап берді.
Сонымен бірге "диплом қай оқу орынның атынан берілгенін айта алмаймыз" деді.