"Баспанам құлайтын болды". Өскемен тұрғындары үйін су баса ма деп алаңдайды


ЖАҢАЛЫҚТАР / Басты 5-06-2024, 13:11 0

Өскемендегі 20-ықшамауданның тұрғындары жерасты суы мен бұлақтан зардап шегіп отырғандарын айтады. 

 

Ықшамаудан ішінен ағып өтетін бұлақ бар. Бұлақ суы кейбір үйдің жертөлесіне кірсе, кейбір үйдің ауласын басады. Халықты көктемнен бері әуреге салған мәселе жаз шықса да шешімін таппай келеді. 

 

Жертөлесін су алған тұрғын — Берік Зәкиянов. 

 

— Жертөлеме кіріп жатыр. Іргетасы үгіліп, үй құлап қала ма деп қорқамын, — деді Берік Зәкиянов.

 

Айтуынша, ағып жатқан бұлақ ауызсу құбыры орналасқан құдыққа құйылып, сол арқылы үйінің астына жайылған. 

Тұрғын жертөледегі суды насоспен шығарып әлек. Бірақ таудан су толастамай келіп жатыр. 


Зейнеткер мәселені өз бетінше шешуге шамасы жетпейтінін айтады.

 

Тағы бір тұрғын Дархан Дүйсембаев көктемде ауласына су іркелгенін айтады. Ол әкімдіктен ауыл ішіндегі бұлақты сыртқа шығаратын арық мәселесін реттеп, жүйелі қалыпқа келтіруді сұрайды. 

 

— Үйімнің ауласы жарты метр қалыңдықта мұз болып қатып қалды. Одан тайып жығылып, қабырғамды сындырып алғанмын, — деді Дархан Дүйсембаев.

 

Ол жазға таяу мұз кеткенімен, жылда қайталанатын мәселе келесі жылы да әуреге сала ма деп уайымдайды. 

 

— Бала-шағам бар. Көрші үйлерде де кішкентай балалар бар. Барлығы ойнайды. Мұзда құлайды. Айтып отырмын ғой, жарты метр мұз қатады. Көктем шыққанда, күн жылығанда әрең ериді, — деді ол.

 

Тұрғындарыдң айтуынша, бұлақ енді салынып жатқан уақытша баспаналарды да бүлдіріп жатыр. Кейбіреулер осының кесірінен үлкен үй салуға жүрексініп отыр.

 

Сонымен бірге су жолдардың үстіне де жайылып ағады. “Жолдарымыз ырылып, әбден бүлінетін болды”, деп дабыл қағады халық. 

 

— Былтырдан бері ағып жатыр. Қанша айттық. Әкімдікке де айттық. “ЖКХ-да” да болдық. “Водоканал”... Бәріне айттық, — деді ықшамауданның төрағасы Қыдырғазы Жүнісханұлы. 

 

Әкімдік осыдан екі ай бұрын арық қазуды бастап, жазға дейін мәселе шешілетінін айтқан. Бірақ жұмыс әлі аяқталмаған. 

20-ықшамауданның құрылғанына 10 жыл шамасында уақыт болды. Қазір мұнда 530-дай үй бар. Халық автобус, көше шамдары, жол мәселелері де әлі өзекті екенін айтады.

Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив