Өскеменде салынған жаңа мектеп. Сурет: Мерей Қайнарұлы
Өскемендегі облыстық драма театрының артына салынып жатқан №50-мектеп «қазақ-орыс тілді аралас мектеп болады екен» деген ақпарат шыққанына біраз уақыт өтті. Бұған әлеуметтік желі қолданушылары бірден реакция білдіріп, көбі қарсылығын білдіріп жатты. Кейінірек бұл ақпаратты қалалық білім басқармасының мамандары да растады.
Осы мәселе бойынша Bizdin Oskemen сайтының тілшілері қала әкімдігі, қоғам қайраткері және сол мектепке жақын маңай тұрғындарының пікірін біліп қайтты.
Бұрын Шығыс Қазақстан облысының әкімі орынбасары болған, облыстың идеология саласында басшылық еткен Түсіпхан Түсіпбеков бірден «мен қарсымын» деп салды.
«Ұлт болашағын ойлайтын болсақ, балаларымызды қазақша оқытуымыз керек. Аралас мектеп – ұлтымызға жасалған қастандық деп ұғамын өз басым. Тіл мәселесі – өте өзекті тақырып. Егемендік алғанымызға отыз жылдан асса да тіліміз де, тірлігіміз де орыс тіліне тәуелді болып тұр. Бұл кеселден арылуымыз керек. Аралас мектеп біздің менталитетімізді бұзады», деді ол.
Ал қазіргі қаланың идеологиясына жауапты, яғни ішкі саясат бөлімінің басшысы Әлібек Тұрсымбетов былай деп ойын ортаға салды.
«Әрине, біздің білім жүйемізде қай мектептің қай тілде оқытылуы керегі туралы өзіндік ережелер бар. Алайда өзімнің азаматтық ұстанымымды айтсам, Қазақстанда мемлекеттік тіл қазақ тілі болғандықтан, қазір Өскеменде мемлекеттік тілде сөйлейтін кішкене бүлдіршіндер де, үлкен азаматтар да көп болғандықтан, қазақ тілінде білім беретін оқу орындары көп болса деп ойлаймын», - деді.
Бұған дейін сол маңайда тұратын тұрғындардың пікірін сұрағанымызда, «Мен балаларымды қазақ мектебіне ғана оқуға беремін», «Аралас болса бәрі орыс болып кетеді», «Қазақ тілін дамыту керек, қазақша оқытатын мектептер көп болуы керек» деген болатын.
Сонымен бірге аралас мектеп болуын қолдағандар да кезікті. «Қазақ бала да болады, орыс бала да болады, сондықтан аралас мектеп болғаны дұрыс», «Аралас болғаны жақсы ғой, қалғандары (орыс тілінде білім алатындар - ред.) қайда барады?» деді тұрғындар.
Сөз болып отырған мектеп 600 орындық. Оны аралас болады дегенді 6 мамырда қалалық білім бөлімі растаған.
Bizdin Oskemen сайтының тілшісі аралас мектеп ашуға нақты не себеп болғанын сұрау мақсатында ШҚО білім басқармасына хабарласып көрген, бірақ телефон арқылы жауап ала алмады.
Қаламызда 49 мектеп бар, оның 20-сы аралас мектеп, 16-сы орыс мектебі, 12-сі қазақ мектебі. Қыста қала әкімі Жақсылық Омар «қалада аралас мектептер көп болғанмен орындар бос, ал қазақ мектептері лық толы» деген еді.
Әділ Әуезхан