Қазақстанның атынан 2025 жылғы «Оскар» сыйлығының «Шетелдік үздік фильм» номинациясына ұсынылатын фильм белгілі болды.
Асхат Кучинчерековтің «Бауырына салу» фильмі «Шетелдік үздік фильм» номинациясына ресми түрде таңдалды. Бұл қуанышты жаңалықты фильм ұжымы Instagram парақшасында жариялады.
– Ауыл өмірі көптеген қиындық пен ауыр еңбектен тұрады. Жас ерекшелігіне қарамастан, ер балалар кішкентайынан шаруашылыққа ересектермен бірге араласады. Фильмнің бас кейіпкері Ерсұлтан әжесімен бірге тұрып, осындай өмірдің ауыртпашылығын сезінді. Бірақ оның әлемі әжесінің қайтыс болғаннан кейін мүлдем өзгереді, - делінген фильм сипаттамасында.
Марапаттау рәсімі 2025 жылдың 2 наурызында Лос-Анджелесте өтеді. Бұған дейін, ақпанның 11-18 аралығында өтетін үшінші іріктеу кезеңінде әр номинацияның финалистері анықталады.
Егер «Бауырына салу» үздіктер қатарына енсе, Қазақстан тарихында «Оскар» сыйлығына ұсынылған екінші фильм болады. Бұған дейін 2008 жылы «Моңғол» фильмі осы номинацияға ұсынылған болатын.