“Сыртынан мама деймін, көзінше айта алмаймын”. Бауырына салу дәстүрінің бүгінгі мәселесі


ЖАҢАЛЫҚТАР 13-11-2024, 12:30 0

Қазір бауырына салу дәстүрі бойынша немерені ата-әжесінің қолына беру үрдісі азайған. Дегенмен баршылық. Кейінгі жылдары әке-шешесінен бөлек өскен балалардың ахуалы туралы қоғамда талқы көп. Ата-әжесінің тәрбиесімен өскен балалардың өзі де әке-шешесімен қарым-қатынасында қиындықтар болғанын жасырмайды. 

Бауырына салу дәстүрімен кішкене кезінде ата-әжесінің қолында болған кейіпкер Bizdiң Өskemen тілшісімен басынан өткерген оқиғасын әңгімелеп берді.

– Немеренің үлкені болған соң туыстарым мені “кемпір-шалдың баласы” дейді. Соған бала күнімнен сендіргесін шығар әжемді “мама” дедім, ал шешемді атымен атадым. Әжемді қатты жақсы көремін. Өз анамды “мама” деуге қысыламын. Сыртынан ғана айтамын. Рас, кейде өзіне “мама” дегім келеді, бірақ әзірге өзімді “жеңе алғам” жоқ, - дейді Мейірхан.  

Оның айтуынша, туған шешесіне махаббатын білдіре алмауы баланың жанына жара салады.

– Бауырына салу дегенге қарсымын. Қазір екі қызым бар, оларда менікіндей “травма” болғанын қаламас едім. Әрине, кейді әртүрлі жағдай бұған итермелеуі мүмкін. Оның жөні басқа. Бірақ дәстүр үшін деп бауырына салып берудің керегі жоқ шығар деп ойлаймын, - деді Мейірхан. 

Психолог маман Нұргүл Жарасбаева өзінің биологиялық ата-анасын қабылдай алмай жүргендер өзіне жүгінетінін айтады. 

– Қазақ халқы атадан келе жатқан дәстүрге бай, соның ішінде отбасы мен туыстарға қатысты этникалық әдет-ғұрып та бар. Бұл дәстүрлер заман ағымына, әлеуметтік, саяси және экономикалық өзгерістерге байланысты дамыған. Бауырына салу дәстүрі, яғни жас отбасындағы тұңғыш сәбиді, ата-әжесінің қолына тәрбиелеуге беру, оның себебі, жас жұбайлардың алғаш ата-ана атанған сәтте бала тәрбиесінде тәжірбиесінің жоқтығында деп атауға болады. Қазіргі заманда  бауырына салу дәстүрі жат саналып, әр түрлі себептерге байланысты жиі сынға ұшырайды. Мысалы, бала ата-әжесінің, немесе туыстарының қолында болған кезде оларға үйреніп, бауыр басады, содан соң баланы қайтадан ата анасына оралғанда, бала тағы жаңа ортаға жаңадан бейімделуі керек болады. Өзінің үйренген ортасынан қайта-қайта ажырап қалған балада стресс пайда болуы мүмкін, - деді психолог. 

Біз одан “бала кезінен сен атаңның баласысың, сен әжеңнің баласысың деп өсеру баланың психикасына әсер етпей ме?” деп сұрадық.  

– Бала үшін бас ұстаз – ата-ана екенін ескере отырып, осы мәселеге қарасақ, даму барысында бала алдымен вертикальді байланыстарға сүйенеді. Ана баласына мейірін төгіп, махаббатын арнаған соң әкеге қарай ауа бастайды. Әкесімен байланыс орнатқан соң, ата-әже, бауырларымен қатынас түзейді. Яғни осы бағытта қарасақ  есте тұтатын бір жайт – әркім өз орнында болуы керек, төменнен жоғары қарай ретімен. Мысалы, ананың алдына ата-әжесінің түсіп кетуі психикалық қолдаудың жетіспеушілігіне алып келуі ықтимал, неге десеңіз бұл жерде баланың анасы мен әкесі жоқ сияқты. Отбасы мүшелері сәбидің болмысын, дүниетанымын қалыптастырады, яғни баланың анасы әкесі, әжесі атасы болуы керек, бұл баланың жеке тұлғасының тұтастығын қалыптастыруға ықпал етеді, - деді Нұргүл Жарасбаева.

Оның сөзінше, ата-анасы өз баласынан алшақтап жүрсе, бұл балаға әсер етеді.

– Ата-ана неғұрлым баланың қасында жүрсе, соғұрлым бала тұтас тұлғалы, яғни эмоционалды – тұлғалық сферасы тұрақты болып өседі. Бұл адам өміріне деген ең қажет және маңызды нәрсе. Ата-ана баланың қоршаған әлемді қабылдауы мен өзара әрекеттесуіне, өз ата-анасының мінез-құлқын және эмоциялық реакциясын игере отырып өмірге бейімделеді. Мысалы, егер ата-аналар балаға агрессивті, әділетсіз немесе манипуляциялық мінез-құлықтарды танытса, бала мұндай мінез-құлықты қолайлы деп қабылдай бастауы мүмкін. "Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі" деген осыдан. Ата-анасы өз баласынан алшақтап жүрсе бала бұны да бір модель ретінде қабылдап, осындай мінез құлық қалыптасып, алдағы өмірінде адамның негізгі қажеттіліктері қанағаттандырылмаған негізінде адам әр қандай жүйке жүйесінің өзгеруі немесе психологиялық бұзылуларға шалдығуы мүмкін, - дейді психолог маман.

Маманның сөзінше, ата-ана мен баланың арасында ерекше байланыс бар. Бұл құбылыс жүктілік кезінде, нәресте мен ана бір эмоционалды өрісте өмір сүрген кезде пайда болады. Ана қорқыныш сезінсе, бала да қорқады. Ана қуаныш сезсе, бала да қуанады. Бала сыртта не болып жатқанын білмейді және түсінбейді, ол тек анасының эмоциясын сезінеді. 

– Бала ата-анасын сезініп қана қоймай, олардың мінез-құлқын көшіреді. Ата-анасын бақылап, олардың әрекеттерін қайталай отырып, бала бағдар алып, өмірге бейімделеді. Осындай ерекшіліктерді біле отырып, ата-ана балаларымен бірге болып қолдау көрсетуі керек, - деді психолог. 

Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив