Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін ең ұзын автомобиль көпірінің ашылуына орай Күршім, Үлкен Нарын, Марқакөл, Қатонқарағай, Тарбағатай, Зайсан ауданның тұрғындары Өскеменге жылдам қатынайтын болады. Бұл туралы көлік министрі Марат Қарабаев хабарлады.
– 2019 жылы Мемлекет басшысы тарихи шешім қабылдап, 2020 жылы Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің құрылысы басталды. Көпірдің стратегиялық, әлеуметтік, туристік және транзиттік маңызы бар. Әлеуметтік тұрғыдан алғанда, көпірдің маңында орналасқан алты ауданның, яғни 120 мыңнан астам азаматтың бүгінде облыс орталығына тәулік бойы қатынай алатынын атап өткен жөн, – деді Марат Қарабаев.
Министр ең басты мақсат – көпірдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті. Ол үшін екі жағынан 40-қа жуық арнайы мұзжарғыш және көпірді тәулік бойы бақылау үшін тиісті камералар толығымен орналастырылған.