Биылдан алғаш рет 23 сәуір «Ұлттық кітап күні» болып аталып өтті. Осыған орай Өскемендегі кітап оқу клубтарының оқырмандары Пушкин атындағы облыстық кітапханада бас қосып бір-бірімен ой бөлісіп, пікір алмасты, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Бұған дейін Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстанда жаңа мереке «23 сәуір – Ұлттық кітап күні» болып бекітілгені туралы жұрт құлақтанған болатын. Осы мерекеге орай Пушкин атындағы облыстық кітапханда «Қуатты елдің жастары – кітаппен» атты пікірталас алаңы өтті.
Шараға қаламыздағы «Төр Алтайдың әдеби әлемі», «Кітаппен өскен мен», «Кітап ал» әдеби-шығармашылық клубтарының оқырмандары мен қаламгерлер қауымы қатысты.
– Шараның мақсаты жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, ұлттық әдебиетіміздің ең үздік туындыларын насихаттау. Сол үшін қаламыздағы кітап оқу клубтары мен олардың оқырмандарын және кітаптың нағыз жанашыры қаламгерлер қауымын шақырдық. Олар өз ойларын ортаға салып, пікірталас алаңын қыздырып, шараға қатысқан жастарға кітап оқудың әдіс-тәсілдерін баян етті, – дейді кітапхана қызметкері Гүлбаршын Тілегенқызы.
Пікірталас алаңының шымылдығын қаламыздағы белгілі балалар жазушысы Күлмай Сембайқызы ашып, кітап оқудың пайдасы және кітаптың маңыздылығы туралы ойын ортаға салды. Осыдан кітапты көп оқитын оқырмандар тізгінді іліп әкетіп, талайлаған кітапта жазылған мазмұнды ойларды парақтап тастады.
Ал отбасымен бірге тұрақты түрде кітап оқитын кітапхананың белсенді оқырмандары Шыңғыс Манарбекұлы мен Шырын Ардаққызы баланы кітап оқуға қалай қызықтыруға болатынына кеңінен тоқталып, оқырман қауыммен ой бөлісті.
– Біз әуелі рухани бай болу үшін кітап оқимыз. Сондай-ақ бала-шағамызға, жастарға өнеге көрсете алсақ деген мақсатымыз бар. Тіпті, кейде бір кітап бір-бірімізге кезек-кезек оқып беретін кезіміз болады, – дейді Шыңғыс Манарбекұлы.
Осылайша мерекелі күн қарсаңында кітапсүйер қауым кітапхана төрінде бас қосып, арқа-жарқа әңгіме өрбітіп қайтты.