Еңбек және әлеуметтік қатынастарды реттейтін комиссияның отырысы өтті – ШҚО

ЖАҢАЛЫҚТАР Кеше, 17:04 0

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен әлеуметтік әріптестік пен еңбек және әлеуметтік қатынастарды реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның отырысы өтті. Бұл жиынға өңірге жұмыс сапарымен келген «Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы» республикалық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Сатыбалды Дәулеталин қатысты.


Сондай-ақ облыстық үшжақты комиссия мүшелері, басқарма басшылары, Мемлекеттік кірістер департаменті, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының өкілдері, қала және аудан әкімдері түгел қатысқан жиында екі мәселе қаралды:


-«Еңбек тәуекелдері картасы» аясында Шығыс Қазақстан облысындағы кәсіпорындарда жалақы қарыздарын өтеу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы;


-Өңірдегі әлеуметтік әріптестікті дамыту перспективалары.


Кәсіподақтар федерациясы қазір көтеріп жүрген өзекті мәселенің бірі – жалақыны индекстеу. Мамандардың айтуынша, бұл халықтың әл-ауқтын көтерудің бірден бір тетігі. Дегенмен жалақыны жыл сайын индекстеу инфляцияның жеделдеуіне алып келеді деген де пікір бар. Сатыбалды Дәулеталин еңбек өнімінің сапасын арттыру үшін бұл қажет шара деп есептейді. Жиында осы мәселе төңірегінде сөз өрбіді.


Кәсіподақтар федерациясы еңбек өнімінің сапасын арттыру үшін екі тетікке сүйенеді: әлеуметтік әріптестік және өңірлік келісім.


Әлеуметтік әріптестік бойынша еңбек қатынастарын кәсіпорындар, қызметкерлер және мемлекет – үш тарап бірлесіп реттейді. Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссия өткен жылы жеті отырысын өткізген. Сатыбалды Дәулеталин облыстық комиссияның жұмысына жоғары баға берді. Өңір билігінің тарапынан көрсетілген қолдауға да дән риза екенін айта келе, бұл өзге аймақтарға үлгі боларлық бастама деді. Өйткені Кәсіподақтар федерациясы өңірлердегі үшжақты комиссияны әрбір облыстың әкімі басқаруы тиіс дегенді алға тартып келеді.


Сондай-ақ Сатыбалды Дәулеталин өңірлік келісім бойынша да Шығыс Қазақстанның көшілгері екенін атап өтті. Ал жалақыны индекстеу мәселесі әлі де қаралады.


– Біз бұл жұмысты ілгерілету үшін барлық мәслихатта «Еңбек» тобын құрдық. Енді Мәжілісте осындай топ құру жоспарда бар. Жалақыны индекстеу мәселесін күн тәртібінен түсірмейміз. Өйткені бұл еңбек сапасын арттырудың бірден бір жолы, – деді Сатыбалды Дәулеталин.


Отырыс барысында әлеуметтік әріптестікті дамытуға бағытталған меморандумға қол қойылды, сондай-ақ, Сатыбалды Дәулеталин ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановты «Үздік әлеуметтік әріптес» медалімен марапаттады.


Adil

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив