Театрдың артындағы жаңа мектепке 50-ші нөмір беріліп, күзде ашылғалы жатыр.
Мектеп құрылысы жүріп жатқанда-ақ, білім ордасы қазақ тілінде емес аралас тілде болуы мүмкін, деген сыңайда әңгімелер шыға бастаған.
Bizdiң Өskemen тілшілері осы мәселенің төңірегінде біршама мақалалар жазып, тіпті тұрғындар арасында бірнеше мәрте сауалнамалар да жүргізді.
Әкімдіктегілер де әу баста “аралас болуы мүмкін” деген нұсқаны жоққа шығармаған еді. Кейін облыстық білім басқармасы қазақ тілді мектеп қажет екенін баса айтты.
Қала әкімі Жақсылық Омар да қазақ мектептеріне бала симай жатқанын мәселе етіп көтерген болатын.
Енді оқу жылы таяп келе жатыр. Оқырмандарымыз жіберген мәліметтерге сүйенсек, театрдың артындағы жаңа үйлердің чаттарында “№50 мектепті аралас қылайық” деген қызу үгіт жүріп жатыр екен.
-90 пайыз қазақ тұратын ауданда аралас тілді мектеп ашайық деп жүрген кімдер, дейсіз ғой? Балаларымен шүлдірлесіп жүрген өзіміздің қаркөз қыз-келіншектер. Әрине, өзіміздің ағайындар. Басқа ешкім емес. Тіпті білек сыбана қызу кірісіп жатыр, дейді сол жердің Дәулет есімді тұрғыны.
Bizdiң Өskemen тілшісі мәселенің мән-жайын анықтау үшін облыстық білім басқармасына тағы да хабарласып көрді. “Басқарма басшысы қазір демалыста бірер күннен кейін, нақты хабарын айтамыз” деген жауап алдық.
Ендеше осы аптаның ішінде №50 мектеп мәселесін назарда ұстайтын боламыз.
Қаламызда 49 мектеп бар, оның 20-сы аралас мектеп, 16-сы орыс мектебі, 12-сі қазақ мектебі. Сіз қалай ойлайсыз?
Қазақ тілді әлде аралас мектеп керек пе бізге?