Үкімет "Тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы" қаулы қабылдағаны белгілі. Оған сәйкес мемлекеттік қызметшілер қазақ тілін білуге міндетті. Осы орайда Bizdiң Өskemen сайтының тілшісі Риддер қаласындағы мемлекеттік қызметшілердің қазақ тілін үйренуге деген талпынысы қандай екенін білу мақсатында Риддер қаласының тілдерді оқыту орталығының директоры Құралай Садықова ханыммен сұхбаттасқан болатын. Оның айтуынша, қалалықтардың талпынысы кейінгі жылдары жақсарған, бірақ ол көңілі толмайтын түйткілді мәселелер жетерлік екенін де атап өтті.
– Риддер қаласында мемлекеттік қызметкерлердің қазақ тілін білу көрсеткіштері қандай? Жалпы оны есептейтін біреу бар ма?
– Қазақстан аумағында мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін ҚАЗТЕСТ жүйесі анықтайды. ҚАЗТЕСТ орталығы жылына бір рет кейде екі рет Қазақстанның әртүрлі жерлеріне барып, сол жердегі азаматтардан мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалау тестін өткізеді. Мемлекеттік қызметкерлер біздің орталыққа келіп білім алады, кейін жылдың соңында емтихан тапсырады. Оқу жылы аяқталғаннан кейін 60 пайыздан асқандардың барлығы куәлік алады. ҚАЗТЕСТ орталығы сертификат береді, біз тек 8 ай бойы оқығанын және қорытынды сынақты тапсырып, белгілі ұпай жинағанын куәландырамыз. Риддер қаласында 2023-2024 жылғы оқу жылында мемлекеттік қызметкерлердің жиырма төрті курсқа жазылды. Оның жиырма бірі қарапайым деңгейде оқыса, қалған үшеуі B1 деңгейінде оқыды. Орташа олардың тілді меңгеру көрсеткіштері 63 пайыз болды.
– Мемлекеттік қызметкерлерден бөлек тағы кімдерге қазақ тілін оқытасыз?
– Тілдерді оқыту орталығы қала аумағындағы кез келген ересек азамат, яғни 16 жасқа толған кез келген азамат біздің орталығымызға келіп өтініш жазып сабақ кестесіне сәйкес кез келгенді тілді таңдап курсқа қатыса алады. Биыл тілдерді оқыту орталығында оқып жатқан азаматтарды санатына қарай топтастыратын болсақ қазақ тілінің 120 сағаттық 8 айлық курсына 95 адам жазылған, оның ішінде жетеуі мемлекеттік қызметкерлер.
– Қазіргі уақытта тіл меңгеруге деген құлшыныс қандай?
– Кейінгі екі жылдың ішінде жас буында мемлекеттік тілге деген қызығушылық артып келеді. Мектеп бітірген жастардың арасында тілді меңгеру көрсеткіштері жоғары. Күнделікті практика жүзінде қазақ тілін пайдаланудан ұялғанымен олардың сөздік қоры мол. Жалпы құлшыныс жаман емес.
– Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асты осы уақыт аралығындағы қазақ тілінің жағдайы сіздің көңіліңізден шыға ма?
– Жоқ менің көңілімнен шықпайды, бұны ойласам қарным ашады. Негізі тілді үйренуге көп уақыт кетпейді қатты қажеттілік болса 3-6 айда үйреніп алуға болады. Қазақ тілі пәнінің ұстаздары неше түрлі әдіс-тәсілдерді пайдаланады, небір оқулықтарды қолданады. Қолдан келгендерін істеп жатыр, бірақ нәтиже жоқ. Неге? Меніңше, мәселе қажеттілікке келіп тіреледі. Кейде тек қазақша ғана сөйлесек, айналадағы басқа азаматтар да қазақ тілін тезірек үйреніп кетер ме еді деп ойлаймын.
– Қазақ тілін жақсы білмейтін азаматтардың тілді меңгеріп кетуіне не жетіспейді?
– Идеологиядан ақсап жатырмыз деп ойлаймын. Біз басқа тілді жау көрмеуіміз керек, тек қазақ тілін қолдануды заң аясында сұрай бергеніміз жөн. Талап ете берсек, басқалар да машықтанады.
– Қаладағы баннер, көшедегі жазулардағы қателер бойынша не айтасыз?
– Қатеден гөрі екі тілде ақпараттың жариялануы біздің қаламызда өте өзекті. Риддерде қате жазу ма, дұрыс жазу ма - әзірше біз ол тақырып төңірегінде әңгіме өрбітіп жүрген жоқпыз. Біз бүгін жоқ деген де екі тілде тұрсыншы дегенге келе алмай отырмыз. Адам құқығын таптамау мәселесіне келіп тіреліп отырмыз. Қазақ тілі – халқымыздың рухани байлығы, атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып қалып отырған баға жетпес асыл мұра екені сөзсіз. Сондықтан қазақ тілінің дамуына үлес қосып, тіліміздің сақталуы үшін шыр пыр болып жүрген тіл жанашырларының еңбегі еш кетпесе екен.
– Сұхбат бергеніңізге рахмет!
Сұхбаттасқан - Ақмарал Мұхтарбекова