Өскемендегі театрдың артына салынып жатқан жаңа №50 мектеп мәселесі әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр.
Мектеп орналасқан шағын ауданның тұрғындары мектептің қазақ тілінде болуын қажет деп таныса, кейбір тұрғындар мектептің аралас тілде болуын талап етіп жатыр.
Тіпті республикалық ақпарат құралдары да бұл мәселеге назар аудара бастаған. Ratel.kz басылымы “Войну против казахской школы объявили казашки в Усть-Каменогорске” деген тақырыппен мақала жазыпты.
Bizdң Өskemen тілшісі осы мәселеге байланысты облыстық білім басқармасына сауал хат жолдаған болатын.
Бүгін басқарма басшысы Иннеса Чернышовадан ресми жауап алдық.
Жауап мәтіні төмендегідей:
"Орыс тілінде білім алатын оқушылар санының өтінімі жеткіліксіз болғандықтан №50 мектеп мемлекеттік тілде сабақ беретін педагогтар мен сыныптарды дайындау үстінде. Қазір қазақ тіліндегі оқу жоспары мақұлданып,қазақ тіліндегі оқулықтар сатып алынып жатыр.
Орыс тілінде оқу бойынша түскен өтінімдер саны:
1 сынып- 11 өтінім
2 сынып - 17 өтінім
3 сынып - 7 өтінім
4 сынып - 6 өтінім
5 сынып - 17 өтінім
6 сынып - 9 өтінім
7 сынып - 17 өтінім
8 сынып - 8 өтінім
9 сынып - 8 өтінім
10 сынып - 9 өтінім
11 сынып - 4 өтінім
Барлығы 113 бала
Қазақ тілінде білім алуға өтінім бергендер саны 400 ден асады".
Білім басқармасының жауабы осындай болды.
Енді жалпы биыл ШҚО бойынша салынып жатқан мектептер туралы ақпарат бере кетейік.
“Жайлы мектеп” Ұлттық жобасының аясында облысымызда қазіргі таңда 4200 орынға есептелген 10 мектеп құрылысы жоспарланған.
Олар Өскемен, Риддер қалаларында және Глубокое, Шемонаиха аудандарында.
Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен Өскемен, Зайсан және Жаңа Бұқтырмада 1100 орынның мектептері салынып жатыр.
"Жаңа мектептердің орналасқан жері ең алдымен тұрғындардың қажеттілігіне сай есептеліп жасалған. Сонымен қатар оқыту тілі де жергілікті контингенттің сұранысына сай анықталады. Ең көп мектептегі орын дефициті облыс орталығында байқалады. Осыған орай 6 мектептің құрылысы жоспарланған және жүргізіліп жатыр. Оның екеуі қазақ-орыс тілдерінде (Тимофеев көшесінде және Freshmarket артындағы “Спорт” шағын ауданы) Төрт мектеп қазақ тілінде (Уәлиев көшесі, Есенберлин даңғылы, “Нұрлы жол” ауданы және 23 шағын аудан)", деп жазылған басқарманың ақпаратында.